Астанада жолаушы жүріп бара жатқан автобустан құлап түскен

стоп кадр
стоп кадр
Қоғамдық көліктің есігінен жолаушының оп-оңай құлап кеткен бейнежазбасы әлеуметтік желіде желдей есті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада жолаушысы автобустан құлап кеткен жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлердің ақпарына сай, қоғамдық көліктің тізгіншісіне 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 18 мың 500 теңге шамасында айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Автобустың есігінен жолаушының оп-оңай құлап кеткен бейнежазбасы әлеуметтік желіде желдей есті. Байқасаңыздар, әйел адам қоғамдық көлік жүріп бара жатқанда құлаған. Бұл оқиға кеше таңертең елордадағы №20 бағытта қатынайтын автобуста болған. Жәбірленуші алғашында полицияға арызданғанымен, кейін тізгінші қаржылай көмектесетін болып, келісімге келіпті.

«Жәбірленуші мен жүргізуші келіскен. Тізгінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Негізі, кез келген жүргізуші арнайы біліктіліктен өтеді. Сөйтіп, тест тапсырып, тағы екі апта тәжірибе түрінде өзін сынайды. Содан кейін ғана үлкен автобусты айдауға рұқсат етіледі», – деді Қалалық қоғамдық көліктерді басқару операторының менеджері Марат Нұрмағамбетов.

Марат Нұрмағамбетовтың айтуынша, жолаушылардан көбіне келетін шағым – ол көліктің аялдамаға дейін кірмей кетуі. Яғни, көп автобус келе жатқан жерінен тоқтай салады екен. Ал оған қардың дұрыс тазаланбауы себеп деген пікір де айтылуда. Астанадағы қоғамдық көліктің қызмет көрсету деңгейін тұрғындар әр түрлі бағалап жатыр.

Автобуста түрлі кикілжіңдер болады дейді мамандар. Жолақысын төлеуден жалтаратындардан бастап, көлік ішіндегі температураға дейін шағымданатын жолаушылар болады екен. Жанжал бола қалса, амал жоқ тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінеміз дейді транспорт басқармасындағылар.

«Автобустың ішінде жанжал болған кезде "102" желісіне хабарлаймыз. Полиция қызметкерлері келеді. Біз оларға не болғанын айтамыз. Олар бізге хаттама жазып кетеді», – деді қалалық қоғамдық көліктерді басқарушы компанияның менеджері Гүлмира Сарманова.

Былтыр 10 мың 247 адам жол ақысын төлеуден жалтарған екен. Осы адамдарға 70 миллион теңгеден астам айыппұл салыныпты. Ал биыл қаңтарда 1 мың 704 жолаушы жолақысын төлемеген. Айыппұл көлемі 13 мың теңгеге жуықтайды.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы»телеарнасы

Новости партнеров