Еңбек күні қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтеді
«Еңбекқорлықты ұлт сипатын анықтайтын асыл қасиетке айналдыруымыз керек». Осылай деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамдарына құрмет айрықша болу керек екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі.
Нұрбибі Кеңесқызы қаладағы тамақ өнеркәсібімен айналысатын цехта жұмыс істейді. Кәсіпорында 25 жыл бойы тұрақты еңбек етіп келеді. Ол кіші қызметкерден бастап үйлестіруші, жетекші болып шыңдалған. Қазір аға шебер дәрежесіне дейін өскен. Оның айтуынша, білікті маман сатылап өсуді талап етеді.
– Біз 40 түрлі өнім шығарамыз. Соның бәрі халықтың дастарханынан табылып отыр. Олар тек Алматыда емес, басқа қалаларға, Астанаға жеткізіледі, – деді кәсіпорын қызметкері Нұрбибі Қынатова.
Өмірін өндіріске арнаған кейіпкеріміз «кез келген қызметте жұмысты сапалы орындауға дағдылану керек» дейді. «Тамшы тұрақтылығымен тас теседі» деген өмірлік ұстанымына берік білікті маман кейінгілерге білгенін үйретіп жүр.
– Адам жұмысқа кіргеннен кейін, соның биік шыңына жетуі керек. Сол кезде еңбегің бағаланады. Бір жерден, екінші жерге ауысып жүрудің, әр жерге секіргеннің пайдасы жоқ, – дейді Нұрбибі Қынатова.
Кәсіпорын Жанна Нұртайқызының көз алдында өркендеп, кең етек жайды. Оның айтуынша, бастапқыда 8 адаммен жұмысын бастаған шағын кәсіпорын бүгінде алып зауытқа айналған. Еңбек өтілі 25 жылға жуықтайған маманның берекелі жұмысының қызығын балалар да көріп жүр.
– 1998 жылы қазанда жұмыс бастадық. Үш-төрт жылдан бері шебер болып істеймін. Қол астымда 15 шақты адам жұмыс істейді. Шұжыққа ет дайындаймыз, – деді кәсіпорын қызметкері Жанна Баереева.
Еңбек күні қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Мақсат – еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, беделін өсіру, жұмысшы мамандығын насихаттау.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Дәнді дақылдың 60 пайызы жиналды