Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандардың мерекесі қалай өтті

03.12.2022 в 00:23

3 желтоқсан - халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күні

3 желтоқсан - халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күні. Осы мерекеге орай Алматының жер-жерінде мүгедектерге арналған концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мүмкіндігі шектеулі жандардың мерекесіне орай концерт өтті. Көру қабілетінен айырылса да, таланты бар зағиптар сахнада өнер көрсетті. Жалпы орталықта 267 адам бар. Оның 87-сі зағип болса, қалғаны қарт кісілер. Мекеме мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.

«Бізде алдын-ала спорттық сайыстар өтті. Жеңімпаздарды анықтап, марапат алып және концерттік бағдарлама көрсетіп жатырмыз. Бүгінгі күнде 1 және 2 топтағы мүгедек 87 адам бар.  Оларға біз 24 сағат, күн- түні қызмет көрсетудеміз. Оларға оңалту шараларын жүргізіп жатырмыз», – деді  «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Тұрарбек Тұманшиев.

Мереке аясында "Аяла" әлеуметтік қызмет орталығы Қазақстан Халқы Ассамблеясының Алматы филиалымен бірігіп қайырымдылық жасады. Олар 100-ден аса мүгедек балаға кең дастархан жайып, дәмді астан ауыз тигізді. Баланың бөтені жоқ деген ұйымдастырушылардың мұндай игі іс соңғы 5 жыл бойы үзбей өтіп келеді дейді.

«Аяла әлеуметтік қызмет орталығы екі жағдайда арнаулы әлеуметтік көмек көрсетумен айналысады. Аяла қызмет орталығында 1,5жастан 18 жасқа дейін және 18 жастан асқан тірек қимыл аппаратында ақауы бар және психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға үй жағдайында және жартылай стационарлық үлгіде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетумен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп отырады. Қазақстан Республикасында 14 қазан күні мүгедектер күні болып белгіленген», – деді  «Аяла» әлеуметтік қызмет орталығының директоры Нұрғайым Дүйсенбаева.

«1992-ші жылы Біріккен Ұлттар ұйымының шешімімен осы күн мереке болып бекітілді. Бұл - халықаралық ауқымы кең мейрам. Есте болса, биылғы жыл балаларға арналды. Сондықтан, оларға ерекше көңіл бөлуді жөн деп шештік. Бүгін мерекелік шараға келген балалардың барлығы шақыртуымызды бірден қабыл алды. Қазақстан Халқы Ассамблеясының қалалық филиалы әрқашан игі істің басы-қасында жүреді. Алда талай қайырымдылық шара өткізу жоспарда бар», – деді ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Махинұр Исраилова.

Қазақстанда мүгедек жандардың құқығын қамтамасыз етіп, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылып келеді. Ол 7 бағытты қамтитын 64 іс-шарадан тұрады. Жоспарға мүгедектіктің алдын-алу, білім алуға қолжетімділік, кедергісіз орта, жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері кіреді.

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы