Қазірдің өзінде 211 адам тіркелген орталықта жалпы 16 қызмет түрі көрсетіледі
Орталық қаланың Алатау, Бостандық және Әуезов аудандарында ашылмақ. Мұнда зейнетке шыққан қариялар түрлі үйірмелерге тегін қатысып, спортпен шұғылдана алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сол үшін қаланың әр ауданында 50 әлеуметтік клуб жұмыс істейді. Аталған орында қариялар хореография, компьютерлік сауаттылық бойынша үйірмелерге қатысып, сондай-ақ заңгерден кеңес ала алады.
Әуезов ауданында орналасқан «Белсенді ұзақ өмір» орталығында қазір 211 адам тіркелген. Мұнда қарттардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін түрлі шаралар қолға алынып отыр. Орталық жалпы 16 қызмет түрін көрсетеді. Осы уақытқа дейін 4 мыңнан астам азамат орталық көмегіне жүгінген.
«Орталықта көп нәрсе үйретеді. Йогаға, айкүнеге барамыз, түрлі үйірмелерге қатысамыз. Жалпы, барлығына ризамыз. Қала берді мұнда біз қариялар бір-бірімізбен танысып, бір отбасыдай болып жатырмыз»,– дейді қатысушы Ырысты БЕРТАЗИНА.
Орталыққа келушілердің сүйікті жаттығуы – скандинав жүрісі. Ол қан айналымын жақсартып, холестеринді төмендетеді. Омыртқа мен буындарға пайдасы көп. Айкүне қазақ гимнастикасына да қызығушылық жоғары. Себебі мұндай жаттығулар кейбір бұлшық еттер мен омыртқаға әсер етіп қана қоймай, тіпті аурудың қай жерде екенін анықтауға да көмектеседі.
«Біз курстарды физикалық жаттығулар мен ой жаттығуы кезектесіп тұратындай етіп түзгенбіз. Одан бөлек, тағы екі курс бар. Олар киноклуб және әлемдегі музейлерге виртуалды саяхат. Бұл клубтар жасы келген кісілердің есте сақтау қабілетін жақсартуға арналған. Қазіргі таңда онда 28 қызметкер жұмыс істейді. Күн сайын орталыққа келушілер қатары артып жатыр», – дейді «Белсенді ұзақ өмір» орталығы жобасының жетекшісі Сәуле БЕКЕТАЕВА.
«Белсенді ұзақ өмір» орталығына қатынау тұрғындарға қолайлы болу үшін қала әкімі Б.Байбек 104 бағыттағы қоғамдық көлікті ұзартуды тапсырды.
Жалпы, алдағы уақытта мұндай орталықтар Алатау, Бостандық және Әуезов ауданында да ашылмақ. Атап өтерлігі, қаладағы 8 ауданда 50 әлеуметтік клуб жұмыс істейді. Онда фитнес зал, емдік йога, аэробика, шахмат және басқа да үйірме залдар жұмыс істейді. Тіптен, ерінбесе компьютер, тіл курстарын оқимын деген зейінді зейнеткерлерге де мүмкіндік жасалған. Алматыда 226 мың зейнет жасындағы адам бар. Ол қала тұрғындырының 12 пайызын құрайды.
Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы