Кей аналар 5-6 баламен жалдамалы пәтерлерде күн кешуде
Алматы қаласындағы аудандар әкімдері көпбалалы аналарды қабылдап, олардың арыз-шағымдары бойынша жұмыс істеуге білек сыбана кірісті. Шенділер енді тұрмыс тауқыметін тартқандарды жеке-жеке қабылдап, көмек көрсетпек деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәселен, бүгін Алмалы ауданының тұрғындары әкіммен жүздесіп, өз мәселелерін баяндады. Көпшілігін алаңдатқаны – баспана мәселесі. Кей аналар 5-6 баламен жалдамалы пәтерлерде күн кешуде. Әр салаға жауапты мамандар жиын барысында әлеуметтік қолдау күткен отбасыларға құқықтық кеңес берді. Аудан басшысы Бекқали Торғаев, әр ананың шағымы жіті қаралатынына сендірді.
«Шешілетін мәселе болса қолдан келгенше қазір шешіп, болмаса ұсыныстарыңызды алып, оны ары қарай Үкіметке, болмаса қала әкімшілігіне өткіземіз. Сосын әрбіріңізге жауапты ресми түрде беретін боламыз», - деді Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Бекқали ТОҒАЕВ.
«Көпбалалы аналарды толғантқан проблема өте көп. Көпшілігін баспана мәселесі алаңдатып отыр. Сондай-ақ, олардың тарапынан мектептегі тегін тамаққа қатысты сауалдар да жиі қойылады. Көпбалалы отбасы үшін бұл, әлбетте, маңызды мәселе. Біз көтерілген осынау мәселенің барлығын қарастырып, қолдан келгенше шешімін табамыз», - дейді жиынға қатысқан Алмалы аудандық «Көпбалалы аналар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сандуғаш РЫМҚҰЛОВА.