Е. Бабақұмаров Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясын өткізді

01.07.2021 01:18

Cессия жұмысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елорда күні қарсаңында өтіп отыр

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен  Алматы қалалық  Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы өтті. Сессия жұмысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елорда күні  қарсаңында өтіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кездесуде Ассамблеяның қалалық ұйымдарының, оның ішінде  Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығының, Қоғамдық келісім кеңесінің  және ҚХА Аналар кеңесінің 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы  жұмыстарының қорытындылары шығарылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен ҚХА-ның ХХІХ сессиясында қабылданған шешімдер мен  ҚР Президенті – ҚХА  Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндеттерді ескере отырып, екінші жартыжылдықта атқарылатын  жұмыс жоспарлары қарастырылды.

Алматы қалалық  ҚХА Хатшылығының мәліметінше, жыл басынан бері мегаполисте 100 әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өтті. «30 игі іс» республикалық қайырымдылық марафоны аясында өткізілген іс-шаралар азаматтық қоғамды дамытуға, балалар мен жастарды тәрбиелеуге, толеранттылық идеяларын нығайтуға бағытталған. Сонымен бірге, COVID-19 пандемиясына қарсы күресте алдыңғы шепте жүргендерді: дәрігерлер мен медбикелерді, санитарлар мен еріктілерді, тәртіп сақшыларын қолдауға басты назар аударылды.

Сонымен қатар, бірінші жартыжылдықта Ассамблеяның құрылымдық ұйымдары мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің күшімен 80 қайырымдылық іс-шаралар өткізіліп, оның аясында 5 130 отбасыға жалпы сомасы 73 миллион теңгені құрайтын материалдық көмек көрсетілді.

Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров жұмысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттерге сәйкес, атап айтқанда, Қазақстан халқын азаматтық бірегейлік пен бірлік қағидаттарында топтастыруға бағытталған ҚХА-ның арнайы жобаларын іске асыру бойынша құруды тапсырды.