Байзақтағы апат кезінде жоғалып кеткен сарбазды жақындары жер қойнауына тапсырды

02.12.2022 00:24

2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданындағы әскери бөлімдердің бірінде жарылыс болған еді

Almaty.tv

Бүгін Жамбыл облысындағы жарылыстан 1 жыл 3 айдан кейін мәйіті табылған сарбаз Бауыржан Дәуітбаевты жерлеу рәсімі өтті. Байзақтағы апат кезінде іс-түссіз жоғалып кеткен сарбазды жақындары мен әріптестері жер қойнауына тапсырды, деп Almaty.tv тілішсі.

Күні кеше Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы 28-де 349-әскери бөлімінің өрт сөндіру бөлімшесінің командирі, кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың сүйек қалдықтары табылып, анықталғанын хабарлады. Марқұмның отбасы Байзақ ауданының Базарбай ауылында тұрады. Дәл осы елді мекенде бүгін бейбіт күннің батырының жаназасы шығарылды. Артында жұбайы және бес баласы қалып отыр.

«Алматыдан ДНК сараптамасы шықты. Жер қойнауына табыстап жатырмыз. Жүрек әлі де сенбейді», – деді Бауыржан дәуітбаевтың әкесі Талғат Дәуітбаев.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, марқұмның отбасына жерлеу шығындары, атқарған лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді. Ал әріптестері Бауыржан Дәуітбаевты адал, батыл азамат ретінде еске алды.

«Туған-туыс, жақындарына көңіл айтқым келеді. Дәуітбаев Бауыржанның жатқан жері жайлы болсын, иманды болсын. Оның есімін ұмытпаймыз», – деді әскери бөлім командирі Еркін Әбсадықов.

Марқұмның денесі дәл осы әскери бөлім маңындағы бейітке жер қойнауына тапсырылды. Айта кетейік, 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданындағы әскери бөлімдердің бірінде жарылыс болып, 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алған болатын.

Жомарт Есқара, «Алматы телеарнасы», Жамбыл облысынан