«Жұлдыз» шағынауданы тұрғындары қоқыс жәшіктерін үйлеріне тасып кеткен

07.09.2019 00:24

Бұл ықшамауданда 5000-нан астам пәтер бар

Алматының «Жұлдыз» шағынауданы тұрғындары мемлекеттің қойып берген қоқыс жәшіктерін үйлеріне тасып кеткен. Ортақ алаңда бекітілген заманауи үлгідегі жәшіктерді иемденген жұрт бұл әрекеттерін өзге ұрлағанша ,өзімізде қалсын деген оймен алғандарын айтады. Ал  қоқыстарын әдеттегідей аулаға үюді тоқтатпапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Алматыдағы 90-шы жылдары балабақша болып, кейін халық жекешелендіріп алған үйлер. «Жұлдыз-1» ықшамауданында бүгінде 47 отбасы тұрады. Әрқайсысының шығатын өз есігі бар. Жер үйлердің маңынан қос ойын алаңын салу кезінде қоқыс жәшіктерін қою да жоспарланған.  Десе де, тұрғындар жерге бекітілген қатқыл қалдық жинайтын жәшікті өз мақсатына пайдаланып жатқан жоқ. Ішіндегі шелекті үйге тасып, ал қоқысты есік алдына шаша салу «салтын» сақтап келеді.  

«Шелек әне тұр. Ауылға кеткенмін, келсем, жәшікті қоқысқа толтырып кеткен. Оны кім төккен, білмей отырмын», – дейді бір тұрғын.

Бізбен сөйлескен соң ғана келіншек қаңылтыр қоқыс жинайтын шелекті өз орнына қойды. Жалпы мұндағы тұрғындардың басым бөлігі жәшік ішіндегі шелектерді жинап алған. Себебі, оның болғанын қолдамайды. Сөздерінше, жәшіктің ішін ары-бері өткен адамдар қоқысқа толтырып тастайды. Соңында бізге тасуға тура келеді деп шағымданды. Бірақ айналаны таза ұстағысы келген көршілер салақ болмай, қатқыл қалдықты уақытылы тастауға ниетті.

«Біздің есік алдында тұрған жәшіктер орнында тұр. Отбасымыз өзіміз тазалап тұрамыз шелегімізді. Бәрібір қоқыс шығарамыз ғой. Енді ара-арасында біреулер тастап кетсе, оны қадағалап отыратын ешкім жоқ. Жолдың үсті болғаннан кейін», – дейді тағы бірі.  

«Әр үйдің қасына отыратындар соның қасына мусор салатын урналар дейді ғой. Біз үшін өте ыңғайлы. Бұрынғыдай қоқыс қалай болса, солай жерде шашылып жатпайды», – деді келесі бір тұрғын.

«Әркімнің есігінің алдына әкеліп қойып берді. Оған қоқысымызды тастаймыз. Ит бар, мысық бар. Бала-шаға бар ойнайтын. Тазалық керек. Денсаулық керек. Сол үшін урна қойып берді. Оны кейбіреу пайдаланса, біреулер тіпті пайдаланып та жатқан жоқ», – деді үшінші бірі.

Жалпы «Жұлдыз» ықшамауданында 5000-нан астам пәтер бар. Халық көп шоғырланған елді-мекен биыл қос ойын алаңымен толықты. Жаттығу залы, демалатын аймақ және балалар алаңы жасалып біткен. Қыркүйек айының аяғында жоба бойынша авторлық және техникалық қадағалау бойынша мамандар қабылдап алады. Дайын алаңда 27 қоқыс жәшігі және 22 көше жиһазы орнатылды.

«Біз тұрғындарға түсініктеме жұмыстарын жүргіземіз. Жақын арада табиғатты қорғайтын полициямен бірге халықпен міндетті түрде түсініктеме жұмыстарын жүргіземіз. Қоқыс әр жерде шашылып жатпауы тиіс. Айналаны ластамай, таза ұстау – бәріміздің міндетіміз. «Жұлдыз» ықшамауданындағы №17 В үйінде әр тұрғынның шығаберіс есігі бөлек болғандықтан, қоқыс жәшіктері қойылды. Бұл бәрімен бірге келісілді», – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос БЕКЕТАЕВ.

Түрксіб ауданында биыл 147 аула жөндеуден өткен. Аулаларды жаңарту барысында көше шамдары орнатылып, жасыл желекті суаратын жүйе де орнатылып жатыр.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы