Бұл дауға жеке компания салған көп қабатты бірнеше үйдің құрылысы себеп болған еді
«Кублей» зауыты мен қала әкімдігі арасындағы сот дауы әлі аяқталар емес. Бүгін облыстық сотта бұл іске қатысты шешім қайта өзгерді. Бұған дейін экономикалық сот консерві зауыты мен құрылыс компаниясын өзара ымыраға келу туралы шешім шығарған еді. Бірақ дауласушы тараптар мұнымен келіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Судья соттасып жатқан «Кублей» мен әкімдік бітімге келсін деп тараптарды ымыраға шақырып, істі тоқтаған еді. Зауыт қорғаушылары өзара ымыраға келу мүмкін еместігін талай айтқан. Бүгін істі апелляцияда қарап, судья Айгүл Маштақова сот ісі әрі қарай жалғасатынын айтты. Алайда, өндірістің заңгерлері бұл заңсыз деп отыр. Өйткені, материалдарды қайта Үкіметке жіберу Азаматтық кодексте жазылмаған дейді.
«Азаматтық процесстік кодекс негізде шығарылған ұйғарым заңға қайшы болып тұр. Өйткені біз бейбіт келісімге келмей отырмыз. Енді сот қайта басталады. Өйткені қазіргі сот әділ шешім шығарады деп сенеміз», – деді «Кублей» ЖШС заңгері Жәнібек Башанов.
Оралдағы зауыт пен әкімдіктің арасындағы даудың басталғанына 2 жылға жуықтап қалды. Қоғамдық резонанс туғызған мәселені барлық ел назарында ұстап отыр. Ал, талай сот отырысы өтіп, шешім таппаған іске экономикалық сот өзара бітімге келу туралы шешім шығарған. Алайда ол шешіммен зауыт та, әкімдік те келіспейді.
«Біздің ойымызша, соттың шешімі заңсыз. Апелляцияға шағым берілді. Заңсыз деп танылса қайтадан қаралатын болады», – деді қалалық әкімдік өкілі Ерболат Каримов.
Айта кетейік, бұл дауға жеке компания салған көп қабатты бірнеше үйдің құрылысы себеп болған еді. Консерв зауыты өкілдерінің айтуынша, үйлер санитарлық аумаққа тұрғызылған. Егер тұрғындар өндіріс орнындағы шуға шағымданса кәсіпорын жабылып, 700 адам жұмыссыз қалуы мүмкін көрінеді.
Қайрат Советбекұлы, Айнұр Төлеуғалиқызы, Айболат Жағыпар, Александр Грабарев, «Алматы» телеарнасы