Абай облысындағы өрт қаупі сейілді ме

15.06.2023 00:25

Жұмыстар жалғасып жатыр

sputnik.kz

Бүгін Абай облысындағы алапат өртке байланысты құрылған жедел штабтың бірі өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алайда тілсіз жаумен күрес әлі де жалғасып жатыр. Оқиға орнындағы төтеншеліктердің айтуынша, «Семей орманы» резерваты құрамындағы Озерка мен Қаштақ және Талица орманшылығындағы қызыл жалын оқшауланған. Бірақ қауіп толық сейілді деуге әлі ерте.

«Жұмыстар жалғасып жатыр. Қаштақ, Озерка алқаптарындағы өрт оқшауланды. Қызметкерлер от ошақтарын сөндіруге аттанып жатыр. Мұндағы жұмыстар аяқталса, көмек керек өзге аумақтарға аттанамыз», – дейді Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің қызметкері Дамир Чарахметов.

Бүгін өртке байланысты құрылған Талица ауылының маңындағы жедел штаб өз жұмысын аяқтады. Енді ондағы қызметкерлер тілсіз жаумен күрес жүріп жатқан өзге аумақтарға көмек ретінде жіберіледі. Қазіргі уақытта тартылған күштер мен құралдар төрт учаскеде өртті сөндіру жалғасуда. Жедел штабтың мәліметінше, елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

«Сонымен қатар тартылған тікұшақтар өрт аумағын аэровизуалды тексеруді және өрт ошақтарына су ағызуды жүзеге асыруда. Бүгін таңғы сағат 06:00-ден бері барлығы 214 рет көлемі 600 тонна су төгілді. Өрт басталғалы барлығы шамамен 2 100 рет көлемі 6 000 тоннадан астам су шашылған болатын», – дейді Абай облысы мәслихатының төрағасы Қуаныш Сүлейменов.

Оқи отырыңыз: Орман өртінен емес, жүрек дертінен: Абай облысындағы тракторшы өлімінің мән-жайы анықталды