«Бизнестің жол картасы – 2025»: Алматылық кәсіпкер 5 млн теңге грант алды

27.07.2022 00:25

Мақсаты – өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеу

Almaty.tv

Алматылық Ақжол Ахметова «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында зергерлік бұйымдар жасайтын өндірістік цех ашу үшін 5 млн теңге көлемінде грант алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кәсіпкер мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін 2021 жылдың көктемінде «Qolday» кәсіпкерлік орталығында өтініш берген. Өңірлік комиссия мүшелерінің  алдында жобаны сәтті қорғап, қаржы қолына тигеннен кейін, арада бірнеше ай өткен соң 2021 жылдың қазан айында кәсіп салтанатты түрде ашылды.  

Ақжол Ахметова мемлекеттік бағдарламадан түскен қаражатқа  лазерлік кесуге, балқытуға, құюға, күмісті жылтыратып, өңдеуге арналған станоктар, сондай-ақ қажетті шикізаттарды, мыс, күміс, табиғи тастар сатып алды.

Кәсіпкер келіншектің алғашқы клиенттері – өзінің туыстары. Өйткені олар Ақжолдың ерекше талғамына, табиғи дарынына сенеді. Ол шашбау, білезік, жүзік, алқа секілді дәстүрлі зергерлік бұйымдарды жаңа стильді дизайнмен жасайды.  Шашбаудың бір жиынтығы шамамен 60 мың теңге тұрады, білезік – 20 мың теңге, неке жүзігі – 15 мың теңге. Мұндай бұйымдарды ұлттық нақыштағы әшекейлерді жоғары бағалайтын адамдар қалыңдық жасауына, жас жұбайларға сыйлыққа, аналарының мерейтойына, әріптестері мен серіктестеріне құрмет белгісі ретінде сатып алады.

«Атам белгілі зергер болған, мен сол кісінің кәсібін жалғастырсам деп армандаушы едім. Негізгі мамандығым – эколог және бастауыш сынып мұғалімімін, екі жоғары білімім бар. Мемлекеттік бағдарлама менің арманымды жүзеге асыруыма, ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдарды жасайтын кәсіп ашуыма мүмкіндік берді. Қазіргі шағын өндіріс орнымда әзірге 2 зергер, есепші және шаруашылық бойынша көмекшім жұмыс істейді.  Мен мамандарға бұйымның дизайнын жасауға көмектесемін, өз идеяммен бөлісемін», – дейді кәсіпкер Ақжол Ахметова.

Оның айтуынша, осындай кәсіп ашуының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеу, ұлы дала нышандарын қайта жаңғырту.

«Ертеде үлкен әжелеріміз бой жетіп келе жатқан қыздың шашына  шашбау тағатын болған. Шашбаудың сыңғыры неғұрлым қатты естілсе, қыз сыпайы болуы үшін  соғұрлым ескертулер жасап отырған. Осылайша тал шыбықтай бұралып өсіп келе жатқан қыздың жүрісі аққудай, мінезі мамықтай, әдепті әрі байыпты болуына шашбаудың тигізер пайдасы көп.  Күміс білезіктер әйел адамдар ас үйде жұмыс істеген кезінде тазалық сақтауға көмектесетін маңызды құрал ретінде қолданылған. Әшекейлерге салынған әрбір сурет пен өрнектің өзіндік мағынасы бар, олар адамды сұқ көзден, қара ниеттен қорғайды. Күміс алтыннан да бағалы, пайдалы металл деп саналған. Мысалы, егер күміс қарайып кетсе, сол әшекейді тағып жүрген адамның денсаулығы сыр берді деген сөз.  Сондай-ақ ислам дінінде де күмістің пайдасы мен ерекшелігі туралы айтылады. Сондықтан мен көпшіліктің назарын осыған аударғым келеді,  әшекей аларда күмісті таңдаса екен деген тілегім бар, – дейді Ақжол Ахметова.