Алматыда жалдамалы пәтер бағасы тұрақтамай тұр

Almaty.tv
Almaty.tv
Заңгерлер айтуынша, пәтерді жалға алмай тұрып келісім-шарт жасасу маңызды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соңғы жағдайларға байланысты Алматыда жалдамалы пәтер бағасы мың құбылып, тұрақталар емес. Осылай деген шаһар тұрғындары «жалға берушілер баспана құнын негізсіз қымбаттатып жатыр» деп налыды. Жалдамалы пәтердің күрт қымбаттауы тек Алматыда ғана емес, елдегі басқа ірі қалаларда да байқалып отыр деп хабарлайды Almaty.tv.

Валерий Жемчужный – біраз жылдан бері пәтерден пәтерге көшіп, үйді жалдап тұратын алматылықтардың бірі. Ай сайын табысының жартысын баспанаға төлейді. Қалған-құтқанын азық-түлікке жұмсайды. Орта жастағы азаматтың айтуынша, пәтер иесі осыған дейін де бағаны қымбаттатқан, бұл жолы шектен шығып кетіпті.  

«Пәтер иесі «қалғандары қымбаттатқанда, мен неге қарап қалуым керек екен» деді де, бағаны аспандатты. Мен қазіргі жұмысыммен ондай табыс таппаймын. Пәтерге төлейтін артық ақшам да жоқ! Жалға беруші келесі айдан бастап  «айтылған бағаны төле» деді. Не істерімді білмеймін?», – деді қала тұрғыны Валерий Жемчужный.

Қиын жағдайға тап болған қала тұрғыны жалға берушінің айтқан бағасын жария етпеді. Пәтер иесімен қайткен күнде де келісімге келетінін айтты. Себебі оның дәл қазір басқа үйді жалдауға шашы жетпейді. 300-500 мың. Қазір жалдамалы пәтердің құны бұдан асып түспесе, кем түсер емес. Интернеттегі хабарландыруларды саралап шықсақ, бағаның күрт өсуі соңғы 3-4 күнде байқалады. Мәселен, бүгін ғана жарияланған мына хабарландыруда мүлік иесі өзінің 1 бөлмелі пәтерін 500 мың теңгеге жалға бермек.

Заңгерлер айтуынша, осындай жағдайға тап болмас үшін, пәтерді жалға алмай тұрып келісім-шарт жасасу маңызды.

«Үйге кірер алдында ай сайын төленетін ақыны, тұратын уақытта бекітіп алған жөн. Келісім-шартты кез келген кезде жасауға болады. Екі жақ, яғни жалға беруші мен алушы ішінара келісіп, бір мәмлеге келуі тиіс. Сонда ғана пәтер иесі бағаны негіссіз қымбаттатпайды. Алайда бүгінде салықтан жалтарып, жалға берушілердің дені ешқандай шартқа бағынбай, пайда тауып жүргені жасырын емес», – деді заңгер Әйгерім Тоқмулдинова.

«Жалға берушілер тарапынан ереже сақталмаса, Мемлекеттік кірістер департаментінің аудандық басқармасына немесе өзіне шағымдана аласыздар. Барлық фактілер анықталып, зерттеледі. Егер пәтер иесі салықтан жалтарғаны рас болса, оларға қатысты тиісті шара қабылданады», – деді Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Мейірбек Балғабаев.

Жалға беру нарығының толық реттелмегенін, көлеңкелі тұсы көп екенін бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек министрі де айтты. Одан бөлек, бұл мәселе бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жеке нұсқау барын атап өтті. Олар жақын арада өз ұсынысын беруі тиіс.

Оразай Нұртай, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров