Алматыда қала халқының неше пайызы қоғамдық көлік пайдаланады

23.01.2024 00:25

Мегаполисте тәулігіне 2300-ден астам автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді

Almaty.tv

Алматыда қала халқының 38 пайызы ғана қоғамдық көлік пайдаланады. Бұл әлдеқайда төмен көрсеткіш. Бұл туралы қалалық мобилділік басқармасының басшысы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала көшелеріндегі бірнеше шақырымға созылған кептеліс, көліктерден бөлінетін зиянды қалдықтар кесірінен ауаның ластануы сынды мәселелер мегаполистің бірнеше жылдан бергі өзекті сұрағына айналғаны белгілі. Әкімдік осы мақсатта көлік жүйесін реттеуге көшпек. Ол үшін ауқымды бағдарламаның жоба-жоспарын бекітті. Онда метро жолдарын ұзарту, автобус жолақтарын көбейту мен ЛРТ құрылысын жүргізу сынды бірнеше бағыттар қамтылған.

– Көлік қаңқасы деп аталатын жобаның толық нұсқасы бекітілді. Жұмыс 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асырылады. Басты мақсат – қоғамдық көліктерге басымдық беру. Жолаушылар тасымалын реттеу арқылы көпшілікті автобусқа көптеп тартуды жоспарлап отырмыз. Жеңіл көліктердің саны азайса, қаладағы экологиялық ахуалдың жақсаруына да оң әсер етпек, – деді  «Көлік жүйесін дамыту» базалық бағытын іске асыру тобының жетекшісі Артур Шахбазян.  

Жобада көрсетілген жұмыстар 2030 жылға дейін жүргізіледі. «Оның алғашқы қадамдары биыл басталады» деді қалалық мобилділік басқармасының басшысы. Оның айтуынша, көп ұзамай қалада BRT – автобус жолақтары көбеймек. Жыл соңына дейін көлік ағыны көп Райымбек даңғылында енді тек автобустың жүруіне арналған жол бөлігі болады.

– Ол 17 шақырымды құрайтын болады. Ал Пушкин көшесінен Ахрименкоға дейін 8 шақырымды осы жылы бітіріп шығуды жоспарлап отырмыз. BRT Тимирязев көшесінің бойымен келіп, Желтоқсан көшесінен үзіліп тұр. Биыл жобалау сметасын жасап жатырмыз. Онда Желтоқсан көшесі мен Райымбек даңғылында болатын BRT-ны қосу жоспарланған, – деді мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев.

Алматыда транспорттың тағы бір түрі - метроға мінетін жолаушылар саны да жыл санап көбейіп келеді. Бір тәулікте 100 мыңға жуық адам жерасты жолымен жүреді. Алдағы уақытта метро жолын қаланың батыс бағытына дейін ұзарту жоспарланған. Яғни, қазіргі Момышұлы бекетінен Барлық базарына дейін барады.

– Барлық базары жанынан автокөлік тұрағының үлкен хабын салу жоспарда бар. Ол шамамен 2 мың көлікке арналады. Алматы облысынан келген жұрт автотұраққа көлігін тастап, қалада метро, қоғамдық көліктерді пайдалануға мүмкіндік алады. Бұл шалғайдан келетін көлік санын азайтады. Тиісінше, қала ішінде қозғалыс реттеліп, кептеліс болмайды деген сенімдемін, – деді «Метропроект» ЖШС директоры Мұратбек Құлыбаев.

Ауқымды жобаның тағы бір бағыты - Алматыда ЛРТ құрылысын бастау. Жерүсті жүрдек пойызы Төле би көшесінің бойында орналасады. Оның құрылысы 2026 жылы жоспарланған. Одан бөлек, маңызды құжатта қалада аялдамалар санын көбейту, қоғамдық көліктердің жүру аралықтарын қысқарту сынды мәселелер қамтылған.

Айта кетейік, бүгінде мегаполисте тәулігіне 2300-ден астам автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Қазір қала халқының 38 пайызы ғана қоғамдық көлікпен жүреді. Жоба аясында бұл көрсеткішті 64-ке дейін ұлғайту көзделіп отыр.  

Ұлағат Арғын, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы  

Оқи отырыңыз: Алматыдағы BRT: тұрғындардың мобилділігін жақсартып, қала экологиясына оң әсерін тигізеді