Наурызбай ауданына қарасты бір үйді кәріз суы шайып кетуі мүмкін

15.01.2020 00:25

Құдығын жөнге келтірмесе, заң бұзушы азаматқа 80 мың теңге айыппұл салынбақ

Арнамызға хабарласқан Рахима Елекенова көршілердің септигінен шыққан су менің аулама ағып жатыр дейді. Ал, зейнеткер үй іргесіндегі сасық суды тазалаудан әбден мезі болған. Көршілерден қайран болмаған тұрғын Қарағайлы шағын ауданына қарасты жауапты мамандарға да талай шағымданған. Алайда олардан мардымды нәтиже шықпаған көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

65 жастағы зейнеткер Рахима Асылбекқызы бұл үйді осыдан 17 жыл бұрын сатып алған. Ал оның ауласындағы арық сол уақыттан бері бар екен. Кезінде егістікті суаруға пайдаланылған арық бүгінде кәріз суы өтетін жыраға айналғандай. Себебі осы үйден жоғары орналасқан тұрғын жайлардан шыққан сасық су қарияның ауласына келіп жиналады екен.

«Мен мұнда 17 жылдан бері тұрамын. Содан бері осы сасық суға батып келеміз. Жергілікті жауапты мамандарға талай хабарластым. Бірақ олардан қайран болмады. Бізден жоғары тұратын көршілерге кәріз құдығын дұрыстаңдар деп айтып келемін. Сонда да жуынды судан арыла алмадық», - деді Рахима ЕЛЕКЕНОВА.

Қолқаны қабатын жаман су бара-бара таситын көрінеді. Арықтан шығып, жайылып кетпес үшін үй иелері күнара мұзды жарып отырады.

Мұз боп қатқан кәріз суын Рахима апай кем дегенде екі рет осылай бір жерге жинайды. Сасық мұз әбден жинала-жинала тауға айналған. Қазір қыстың күнінің өзінде иісі мұрынды жарады. Ал күн жылығанда бұл жердегі жағдайды елестету тіпті қиын.

Мәселенің анығына жету үшін аудандық эколог мамандарды шақырдық. Сасық судың қай үйден келіп жатқанын анықтау үшін көршілерде еріп алды. Алайда кәріз суы шығып жатқан үйдің қожайындары кіргізбеді.

Белгілі болғандай, қоршаған ортаның тазалығына жауаптылар кәріз суының дәл осы үйден келіп жатқанын анықтады. Мұндай фактіні байқау қиынға соқпайды, себебі сасық су көшедегі арықтан да көрініп тұр.

«Алматы қаласының көріктендіру ережесінің бұзылуына байланысты, өзінің лас суларын уақытында сормай, толып кетуіне байланысты арық жүйесіне түсіп кеткен. Осыған орай, полиция қызметкерлерімен бірге ол кісіге ережеге сәйкес хаттама толтыртамыз», - деді Наурызбай аудандық қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мадияр ШЫМЫРҚҰЛОВ.

Жер үй болғандықтан, әр учаскеде арнайы кәріз құдығы болуы керектігі заңды. Бірақ Рахима апайдың үйіне залал келтіріп тұрған көршісінің септигі болғанымен ол жарылған болып шықты. Сондықтан үй иесіне алғашқы мәрте тек ескерту беріліп, түсіндірме жұмысы жүргізілді. Егер жақын арада құдығын жөнге келтірмесе заң бұзушы азаматқа 80 мың теңге көлемінде айыппұл салынбақ. Ал зейнеткер болса қанша жыл қолқаны қапқан иістен жақында арыларына үміттенеді.

Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы.