Орындықты қиратып, шамды сындырған: қала көркіне нұқсан келтіргендер қандай жауапқа тартылады

02.11.2021 01:27

Мамандар көрікті жерлердің сәнін кетірген бұзақылармен күресті тұрғындармен бірге жүргізуге шақырады

Almaty.tv

«Қала игілігіне жарасын деген ниетпен салынған демалыс орындары мен скверлерді бұзып, қирату – тұрғындарға жасалған қастандық». Жастар арасында көше мәдениетінің қалыптаспағанына наразы болған алматылықтар осылай деп отыр. Қала көркіне нұқсан келтіргендер қандай жауапкершілікке тартылады? Қираған орындықтар мен істен шыққан жарық шамдарды кімдер жөндейді? Almaty.tv тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрген болатын.

Айнабұлақ ауданындағы балабақшаның жанында бұған дейін орындықтар болған еді. «Күші бойына сыймай, қуаты тасығандар» алдымен ағаш орындықты сындырып, кейіннен оны өртеп жіберген. Аудан әкімдігі оны қайта жөндеу үшін мүлдем алып тастапты. Ал бұзақылардың мұндай ерсі әрекеті қала тұрғындарының наразылығын тудырды.

«Бұл балабақшаның жанынан жиі өтемін. Немеремді әкелемін. Бұл – үлкендер мен балалардың сүйікті орны еді. Бұл өте ұят жағдай. Қоғамдық орында мәдениетті болып, ол барынша қадағалануы тиіс. Сондықтан бақылауды күшейту керек шығар деп ойламын», – дейді қала тұрғыны Людмила Золотаренко. 

Мамандар бұзақылардың әр ісін аңдып жүру мүмкін еместігін айтады. Аудандағы саябақтар мен жаяу жүргіншілер жолағы бойында бейнебақылау камералары орнатылмаған. Тұрғындардың айтуынша, мұндай бассыздық бір адамның ғана емес, белгілі бір топтың ұйымдасуымен болуы мүмкін.

Бұл алаңда күндіз балалар ойнаса, ал түнде қаңғыбастар мен көше кезгендердің мекеніне айналады екен. Мәселен, көпшілік демалып отыратын орынның салынғанына бір жылға жуықтаған. Осы уақыт аралағында тақтайшалары жұлынып, қабырғалары бұзылған. Қала көркіне нұқсан келтірген бұзақылардың ісі осылайша азаймай тұр.

Бүлінген нысанды қалпына келтіру – өзекті мәселе. Төбесі опырылған аялдамалар мен ағаш тақтайшалары бұзылған орындықтарды жөндеуге қыруар қаржы керек дейді мамандар. Ал ойын алаңдарын тұрғызған мердігер ұйым өкілдерінің міндетіне қасақана сындырылған заттарды жөндеу кірмейді екен.

«Саябақта қайта жөндеу жұмыстарын жасаған мердігер ұйымның келісімшартында әдейі сындырылған, вандализмге ұшыраған спорт кешендерін қалпына келтіру жұмыстары қарастырылмаған. Оны демеушілер тауып қана қайта қалпына келтіре аламыз. Сындыру деректері тұрғындардың ашу-ызасын келтіреді. Сол себепті осындай шағымдар көптеп түсіп жатады», – деді Жетісу аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Әлішер Әбдіқадыров.

Мамандар осындай көрікті жерлердің сиқын қашырып, сәнін кетірген бұзақылармен күресті тұрғындармен бірге жүргізуге шақырады. Ол үшін осындай әрекеттерді байқаса, полиция бөліміне шағымдануына немесе аудан әкімдігіне жүгінуді сұрайды.

Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы