Тараздықтар қоқыстың сасық иісіне тұншығып отыр

10.12.2022 00:25

Қалалық әкімдік бұл мәселеден хабардар екен

Almaty.tv

Таразда «Ұлы дала» шағынауданының тұрғындары аулада үйіліп жатқан қоқыс қалдықтарының сасық иісіне тұншығып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көпқабатты 5 тұрғын үйге қоқыс төгетін орын ортақ. Оның өзі балалар ойнайтын алаңның жанында орналасқан. Азаматтар бірнеше рет тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мен әкімдікке қоқыс алаңын ауыстыру жөнінде шағым айтқан. Алайда ештеңе өзгермеген, мәселе шешілмеген.

«Мұнда балаларға қауіпті үлкен иттер де жүреді, мал да жүреді.Ойын алаңы бар, бірақ балалар онда ойнай алмайды. Күн жылыда иістен жүру мүмкін емес. Балалар үйден шықпайды. Қоқыс үйге дейін ұшып кіріп кетеді», – деді қала тұрғыны Айгүл Темірбекова.

«Балалар қоқыс арасында ойнап жүр. Менің үйімнің үш терезесі қоқыс қарайды. Менің мүгедек балам бар. Оның күрделі бронх демікпесі бар. Міне, құжат. Біз бұл құжатпен де жүгіндік. Терезені аша алмаймыз. Мұнда кіру, тіпті жедел жәрдем, такси шақыру қиын. Түсінесіз бе, балаға таза ауа керек», – деді қала тұрғыны Мұқадас Әжібекова.

Қазір қардың астында қалған қоқысты аңғару қиын. Алайда екі апта бұрын ғана көрініс мынадай болған еді. Қалалық әкімдік бұл мәселеден хабардар екен. Тек оның шешілмей жатқаны тұрғындардың өзіне байланысты көрінеді.

«Қоқыс алаңшасының орнын ауыстыру бойынша барлық тұрғынның рұқсаты қажет. Сіздер өзара келісіп, бізге хабарласаңыздар, сонан соң ғана орнын ауыстырамыз», – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.

Әкімдік мәселені тұрғындардың келісімімен шешеміз дейді. Демек, шаруа шешіледі, тек көпшіліктің ортақ байламға келуі қалды.

Жомарт Есқара,  «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан