Олар мекемедегі алғашқы күні карантинге жатқызылады
Оңалту орталықтарында орын тапшы. Алматыдағы Әлеуметтік бейімдеу орталығын қазірдің өзінде тұрақты мекені жоқ 185 адам паналап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мекеме қызметкерлері олардың саны қытымыр қыстың аязды күндеріне байланысты әлі де арта түсетінін айтады. Одан бөлек, барар жері, басар тауы қалмай, көше кезгендер қатарының көбеюі де себеп болған көрінеді.
Әлеуметтік бейімдеу орталығының қызметкерлері дәл осы көлікпен қаланы күнделікті аралап, панасыздар кездессе, оларды тиісті мекемеге жеткізіп отырады. Тұрақты мекені жоқтар да әсіресе, аязды күндерде мамандардың ұсынысына бірден келісе кетеді. Себебі олар да жылу іздейді. Алайда дегенінен қайтпай, бас тартып жататындардың да барын орталық қызметкерлері жоққа шығармады.
«Оларға көшеде өмір сүру образы ұнап қалғандықтан... Біздің орталықта ішімдік ішуге, біреумен төбелесуге, ұрыс-керіс шығаруға тыйым салынған. Сондықтан көшеде қалып, ішіп жүре бергенді жөн көретін адамдар бар», – деді психолог Жұлдыз Әлмағанбетова.
Қаланың әр бұрышынан әкелінген панасыздар мекемедегі алғашқы күні карантинге жатқызылады. 4 уақыт ыстық тамақпен, таза киіммен, төсек орынмен қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, келгендердің барлығы өзі туралы бірер ақпар беріп, психологиялық көмек алады.
Панасыз қалған жандар бұл орталыққа жеткізілгеннен кейін міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Қызметкерлердің айтуынша, мұнда жеткізілген адамдардың көбінде үсік алу, іріндеу сынды түрлі дене жарақаты анықталып жатады.
Мекеме басшылығының сөзінше, мұнда ешкімді мәжбүрлеп ұстамайтындықтан баяғы әдетіне басып, орталықтан кетіп қалатындар да баршылық. Алайда өмірін өзгертуді қалайтындардың саны да аз емес көрінеді. Мысалы, орталықты 1 жылдан астам уақыт паналап жатқан Махаббат Қайдарованың тағдыр тәлкегіне түспес бұрын жоғары білімі мен жеке кәсібі болған.
«Жұбайымның өлімі ауыр соққы болды. Оны емдеу үшін несие мен қарызға баттым. Шығын да көбейді. Ал барлығын қайтаруға қаражатым былай тұрсын, мүлкім де жетпеді. Содан үйімді саттым. Дымсыз далада қалдым», – деді қызмет алушы Махаббат Қайдарова
Мекеме қызметкерлерінің сөзіне сенсек, «қаңғыбастар» қатарына қосылғандардың дені - ішімдіктің кесірінен барынан айырылғандар. Айта кетсек, Әлеуметтік бейімдеу орталығында шамамен 200 адамға орын бар.
«Күннің суытқанына байланысты қызмет алушылар саны күнделікті өсіп жатыр. Былтырғы жылы, біздің орталықтан статистика бойынша 927 адам қызмет алып шыққан. Келгені бар, кеткені бар. Шығады, келеді. Орнына басқалары келіп жатады», – деді «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Болат Айтмұрзаев.
Мекеме директорының сөзіне сенсек, орын тапшылық мәселесін шешу мақсатында бүгінде 140 адамға арналған тағы бір орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Яғни, жақын арада мына мекемені пана еткендердің бір бөлігі сонда көшуі мүмкін.
Оразай Нұртайұлы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы