Биыл «Ақсай» су сүзгі станциясының құрылысы басталады

Almaty.tv
Almaty.tv
Станция Наурызбай ауданының 80 мың тұрғынын және Алматы облысын сумен қамтамасыз етеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Ақсай» су сүзгі станциясының құрылысы биыл күзде басталмақ. Бекет салынып бітсе Наурызбай ауданы мен Алматы облысының 80 мыңнан астам тұрғыны үздіксіз ауыз сумен қамтылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Талай жыл тіршілік көзін тасып ішіп отырған Ақжар шағынауданы тұрғындарының мәселесі толығымен шешіледі.

Жарылқап Сабыровтың Ақжар шағынауданында 20 жыл бері тұрады.  Ол ауыз суды тасып та, қазып та ішіпті. Енді тіршілік көзін үй маңындағы шағын су қойма арқылы тұтынып отыр. Көп ұзамай орталықтандырылған су құбырына да қосыламыз деп тағатсыздана күтіп жүр.

«Тасып іштік суды, арнайы көлік су алып келетін еді. Жаз болса Ақжарда су міселесі өзекті болады. Қазір енді көшемізден су тартылып жатыр, кәріз құбырлары қойылып жатыр», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Жарылқап Сабыров.

Жұмысшылар күннің аптап ыстығына қарамастан құбыр тартуды қарқынды жүргізіп жатыр. Ақжардағы Төлебеков көшесіне су мен кәріз құбырларын салу аяқталып қалған. Шаруа біткен соң жолға асфальт төселіп, тұрғын үй уақытша қазір жұмыс істеп тұрған суқоймаға қосылады. Алдағы уақытта іске қосылатын «Ақсай «су станциясына жалғанады.

Ал «Ақсай» су сүзгілеу станциясы салу биыл күзде басталмақ. Тәулігіне 22 мың текше метр су шығаратын жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаражаты бөлінген. Қазір мердігерді анықтау процесі жүріп жатыр.

«Ақсай» сүзгі станциясы Наурызбай ауданының 80 мың тұрғынын және Алматы облысын сумен қамтамасыз етеді. Ал «Қарғалы» сүзгі станциясы Наурызбай ауданының 50 мың тұрғынын тіршілік көзімен қамтамасыз етеді», – деді Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы бөлімінің бас маманы Еркебұлан Іліпбаев.

Бүгінде қала халқы күніне 600 млн текше метр су тұтынады. Тағы 700 млн текше метр су қоры бар. Соған қарамастан қала шетіндегі аудандарда сумен қамту мәселесі өзекті. Мысалы «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында Ақжарда шағынауданында 19 шақырым су және 15 шақырым кәріз желісі тартылуы керек. Осы жұмыстың 80 пайызы бітіпті.

«Толықтай шешпесе де біраз проблеманы шешеді деп отырмыз. Неге? Өйткені қазіргі Ақжар шағынауданында ұжымдық су желілері жүргізілген. Олардың су өткізу мүмкіндігі, диаметрі өте төмен. Жүздік трубалармен салынған. Ал біздің жаңа салынған желілеріміз одан 3 есе үлкен. Сол себепті бірқатар мәселені шешеді деп күтудеміз», – деді Наурызбай аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Фархад Жаңбыров.

Былтыр қалада 130 км су, 82 км кәріз құбыры салынған. Сөйтіп тұрғындарды сумен қамту 98 пайызға жетіпті. Енді биыл 170 км су, 130 шақырым кәріз желісін салу көзделіп отыр. Әсіресе, қалаға кейін қосылған аудандарды қамтиды.

Назкен Еркін, Дидар Исаев «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров