Жаңбырдан кейін көшелердің батпағы шықпас үшін мұнда құм мен қиыршық тас төселіп жатыр
Алматыдағы Думан ықшамауданың көшелері көп ұзамай кілтипансыз кейіпке енеді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Медеу ауданы әкімінің өзі мұнда су және кәріз жүйелерін жүргізуді қатаң бақылауға алды. Өйткені, бұған дейін тұрғындар дәл осы құбырларды жүргізу үшін қазылған жолдардың жауын-шашын кезінде балшыққа айналып, жүріп-тұруға ыңғайсыздық тудыратынын айтып шағымданған еді.
Жаңбырдан кейін көшелердің батпағы шықпас үшін мұнда құм мен қиыршық тас төселіп жатыр. Ал, құбырлар толық жүргізілген соң келер жылы жолдарды күрделі жөндеуден өткізіп, бұрын соңды болмаған арық пен тротуарға дейін салып береміз деді аудан әкімі.
«Бұл уақытша қиындық. Кәріз жүйесінің құбырларын жүргізбесек те болмайды ғой, ол үшін жерді қазу керек. Біз қазір құбыр тарту жұмыстарын бітіреміз, содан кейін құбырлар суға қосылу керек. Тек сол жұмыстар аяқталған соң ғана бетіне асфальт төсейміз. Асфальт төсеп болған соң суға қосатын болсақ жол бұзылады», - дейді Медеу ауданының әкімі Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ.
30 мың тұрғыны бар Думан ықшамауданына су және кәріз құбырын жүргізуді тұрғындар бірнеше жылдан бері сұрап келген. Сол үшін де былтыр жергілікті бюджеттен 1 млрд 4 млн теңге бөлінген еді. Өткен жылдың наурыз айында басталған жұмыстар әлі жүріп жатыр. Жауын-шашын кезінде көшелердің лайланып кететіні тұрғындарды әбігерге түсіреді.
Бүгінгі таңда құбыр тарту жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Жергілікті билік өкілдері биыл шілде айына дейін барлық жұмыстар бітеді деп уәде беріп отыр. Яғни, 41көшеге жалпы аумағы 45 шақырымды құрайтын су және кәріз жүйелері жүргізілмек. Соның арқасында 8 мыңға жуық үй қалалық су және кәріз желісіне қосылады.