Экологтар: Алматының ауасы көліктің көптігінен ластанып жатыр

Экологтар: Алматының ауасы көліктің көптігінен ластанып жатыр
ауаға зиянды заттарды бөлуде транспорт бірінші орында, оның үлесі – 65 пайыз
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қоршаған ортаға жаны ашыған экологтар осылай деп дабыл қағуда. Ал кейбір ғалымдар бұл сөзді жоққа шығарып, экологияны бүлдіруде темір тұлпарлардың үлесі мүлдем аз дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Құрылғымен өлшеп көрдік. Қалыптан төмен мөлшерді көрсетіп тұр. Машиналардан бөлінетін ең негізгі заттардың біреуі ол – көміртек оксиді. Қазір есептеп көрдік. Бұл жерде нормаға сәйкес боп тұр», – дейді ғалымдар.  Атап айтқанда, Физика-химиялық әдістемелік орталығының директоры Болат Кеңесов өз бетінше зерттеу жұмыстарын жүргізген көрінеді. Оның сөзінше, ауаны ластайтын басты нәрсе көліктерден шығатын заттар емес екен.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын біз зерттеу жүргізгенбіз. Нәтижесі жылыту маусымында ауаны ластайтын басты нәрсе көліктер емес екенін анықтадық. Шенеуніктер мен жауаптылар Алматыда машиналар 202 мың 812 тонна көміртек, 25 тонна азот диоксиді бөлінетінін айтады. Жалпы Алматыда ауаға шығарылатын зиянды заттардың көлемі 284 550 тонна. Көліктерден бөлінетін ауа ластағыш заттар 10 есе аз болуы мүмкін. Соңғы 5-10 жылда қалада транспорт айтарлықтай жаңарды. «Еуро-3» стандартына ауысты. Сондықтан бөлінетін зиянды заттар одан да төмен болуы ықтимал», – дейді ғалым Болат КЕҢЕСОВ.

Алайда «Экосервис-С» компаниясының 2017-ші жылы жүргізген зерттеу нәтижесінде ауаға бөлінетін зиянды заттардың көбі көліктерден шығатыны анықталған. Олар Болат Кеңесов айтқан 202 мың тонна деген сан қайдан алынғаны белгісіз дейді.  

«Бұл сандардың зерттеу жұмыстарына мүлдем қатысы жоқ болуы мүмкін. Мұндай көрсеткіштің қайдан алынғанына менің жауап бергім келмейді. Алайда, осыдан екі жыл бұрын біздің компания жүргізген зерттеу жұмыстарында басқа сандар жазылды. Яғни, ауаны ластауда көліктердің үлесі 65 пайызды құрайды. Сондықтан, қоршаған ортаға зиянды заттарды бөлуде транспорт бірінші орында тұр», – деді «Экосервис-С» ЖШС департаментінің директоры Наталья ЯКОВЛЕВА.

Жалпы, экологтар ауаны бір рет қана зерттеп, нәтижесін қалың елге жария қылу кәсібилікке жатпайды дейді. Бөлінетін зиянды заттардың көлемін жыл он екі ай тексеріп, ақпараттарды толық жинақтағаннан кейін бөлісуге болады. Ауаны ластайтын факторлардың ең біріншісі темір тұлпарлар екенін табиғат жанашыры Амангелді Сқақов та растап отыр.        

«Ауаға бөлінетін зиянды заттардың көлемі 300 мың тоннаға жуықтайды деген менің ойымша ақылға қонымсыз. Атмосферадағы ауа өзгеріп тұрады. Сондықтан бір-ақ рет зерттеу жасап, жаңалық аштым деуге болмайды. Жылдың әр мезгілінде тексеру керек. Наталья ханым айтқандай, негізі ауаға зиянды заттарды бөлуде транспорт бірінші орында, 65 пайызды құрайды. Қалғаны жылу электр стансасы мен жеке үйлерден бөлінеді», – деді «Қазэкология» ЖШС бас директоры Амангелді СҚАҚОВ.

«Қыстың күні көліктердің де әсері көп болады. Өйткені олар жүрмес бұрын машиналарын қыздырады. Ауа температура төмен болады ғой. Сондықтан жазбен салыстырсақ,  машинаның қозғалтқышы көбірек жұмыс істейді. Соған сәйкес ластайтын заттарды да ауаға көбірек шығарады», – деді «Қазэкология» ЖШС зертхана директоры Сұңқар ЖОЛДЫБАЕВ.

Қалалық жасыл экономика басқармасының мәліметінше, «Жайлы қала» концепциясы бойынша Алматыда жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көліктерге басымдық беріліп, бірқатар жұмыстар жұргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ағаштар отырғызылып, жасыл желектер көптеп егілуде. Мұның барлығы қала экологиясына оң әсерін беріп жатыр дейді маман.    

«Осы күні Алматы қаласы 99 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Қалған 1 пайыз, яғни, 3 мыңға жуық жеке үйлер газға көшіліреді. Бұл бағытта жоспарлы түрде жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, «Жайлы қала» жобасы бойынша өздеріңіз білетіндей, Панфилов, Жібек жолы сынды көшелер жаяу жүргіншілерге арналып жасалды. 2 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды. Ауаға зиянды заттар алдымен көліктерден шығатынын білеміз. Сондықтан, көлік кептелісін азайтуда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оған дәлел қаладағы көшелердің бір бағытты болып өзгеруі, айналма жолдардың салынуы», – деді  Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары Азамат ҚАЛДЫБЕКОВ.

Полиция департаментінің ақпаратына сай, Алматы көшелерімен бір күнде 550 мың темір тұлпар жүреді екен. Оның үстіне, қалаға кіріп-шығатын 250 мың машина тағы бар.  Барлығы заманауи талапқа сай келетін көліктер деп айту қиын, дейді мамандар. Сондықтан экологтар, ауаға зиянды заттарды бөлуде машиналардың үлесі аз екеніне сене алмаймыз дейді.

Өмір Әнуарбек Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров