Әкімшілік кодекске осы реттегі өзгерісті Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі енгізуді көздеп отыр. Бұл туралы бүгін аталған министрлікке қарасты Көлік комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов мәлімдеді. Әзірге ведомство делдалдармен күресудің тетіктерін ойластырып қойған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шымкент қаласының тұрғыны Нұрдос Тәжметов Нұр-Сұлтанға бір апта бұрын келген. Үш күн бойы үй жаққа қайта алмай жүр. Билет жоқ дейді.
«Шымкентке кете алмай жатырмын. Билет жоқ. Неліктен жоқ екенін білмеймін. Бүгін міне екінші күн. Әлі де жоқ дейді. Енді ертең бола ма болмай ма, бір Құдай біледі», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Нұрдос ТӘЖМЕТОВ.
Кассаға барып, аталған бағыт бойынша билеттің бар-жоғын анықтадық. Түйткіл шынымен де бар, билет жоқ болып шықты. Теміржол вокзалы маңайында отырғандардан сұрап едік, алып-сатарға бағыттады.
- Сәлеметсіз бе
- Сәлеметсіз.
- Сізді билет сатады дейді?
- Иә, сатамын
- Алматыға билет бар ма?
- Барлық бағытқа бар.
- Бағасы қанша?
- Бағасын келісеміз. Сіз бірінші маған ақшаны бересіз, сосын билетті қолыңызға беремін
- Сонда сіз мені алдап кетпейсіз бе?
- Жоқ, несіне алдаймын, қасымда тұрасыз ғой.
Байқағанымыздай, билетті алып-сатарлардың көмегімен оп-оңай сатып алуға болады. Олардың қолында кез келген бағытқа билет бар. Алайда құны екі есе қымбат.
Көлік комитеті теміржол билеттерін алып-сатумен айналысатындарға қатаң шара қолданудан басқа амалымыз жоқ дейді. Белгілі болғаны, бүгінде делдалдарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады екен. Алайда, билеттермен күн көріп, қомақты ақша табатындар үшін бұл ештеңе емес дейді сарапшылар.
«Топтық тапсырыс берішулерді рәсімдеу, қайта рәсімдеу талаптары тәптіштелді. Топтық тапсырыс берушілерді қайта тіркеу мерзімі өзгертілді. Жолаушыларды рәсімдеу енді жіті жүргізіледі. Бір құжатқа бір орын. Бұдан бөлек біз Әкімшілік кодекске алып-сатарларды қатаң жазалау үшін өзгерістерді енгізбекпіз», – деді ҚР ИИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек ТАЙЖАНОВ.
Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы билеттерді онлайн сатып алумен айналысқан 60 алып-сатарды анықтапты. Қазіргі күні олардың бәрі жүйеде бұғатталып отыр.
«Олар күту қағазымен пайдаланып, билеттерді көптеп сатып алып келді. Мәселен, біздің жүйеде рәсімделген пошталық мекенжайдың 3 пайызы билеттердің 65 пайызына тапсырыс берген. Қазір бәрі бұғатталып отыр. Бір электрондық жәшік 2500 тапсырыс берген екен», – дейді «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» АҚ Автоматтандыру және сандандыру дирекциясы филиалының директоры Сәлмен ӘМІРИН.
Осыдан екі ай бұрын алып-сатарлармен күрес үшін «Мобиус» жүйесі іске қосылған. Ол бір күту қағазына көп билет сатып алуға жол бермейді. Бұдан бөлек, «Қазақстан Темір жолы» билет сатып аларда тұлғаны «смс» арқылы растау шарасын енгізуді жоспарлауда. Осы орайда қазір мобильді операторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Салтанат Нысанбек, Азамат Кәкенов, «Алматы» телеарнасы