Естеріңізде болса, шілденің 19-ы күні өз үйінен шығып бара жатқан бизнесмен белгісіз біреудің қолынан қаза тапқан еді. Кейіннен тергеу барысында марқұмның компаньоны киллер жалдағаны белгілі болады. Одан өзге қайтыс болған адамның серіктесі ортақ фирманың бюджетінен ірі көлемде ақша жұмсаған. Қылмысқа тапсырыс берген адам 25-ші шілде де ұсталып, өз кінәсін толық мойындаған болатын. Ал, тапсырысты орындаған күдіктіні криминалдық полиция өткен демалыста ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Ол Түркістан облысының тұрғыны болып шықты. Сот санкциясымен күдіктіге қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды», – деді Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсел СӘДЕНОВА.
Сондай-ақ, үш жасар сәбиді ұрлап, қасақана өлтірген қаскөй қолға түсті. Полицейлер қорғансыз сәбиге шамасы жеткен қашқын Игентай Сопыжановты Қарағанды қаласында қолға түсірген. Сәби 5 қыркүйекте ұрланып, денесі 8қыркүйек күні табылған еді. Үш жасар Максим Гарифулиннің денесін патрульді полиция қызметкерлері Шет ауданындағы Бұрма ауылынан тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша, баланы 22 жастағы Сопыжанов тұншықтырып өлтірген. Бұған дейінде адам өлтіргені үшін сотталған қаскөйді түрмеден кімнің уақытынан бұрын шығарғанына бола да арнайы қызметтік тексеріс жүріп жатыр.
«Жедел іздестіру шаралары барысында қыркүйектің 8 нен 9 қараған түні 1996 жылы туылған Сопыжанов Игентай Қарағанды вокзал маңы алаңында қолға түсті. Күдікті қазіргі уақытта изоляторға қамалып, сәби ұрлағаны мен өлтіргенін мойындады», – дейді Қарағанды облысы Полиция департаментінің басшысы Ерлан ФАЙЗУЛЛИН.
Тағы бір аса ауыр қылмыс жасаған күдіктілер ұсталды. Қызылордада бетін тұмшалап алған белгісіз алты адам жергілікті кәсіпкердің үйіне баса көктеп кіріп, үй иесін соққыға жыққан. Кәсіпкер есін жимастан ауруханада көз жұмады.
Қанды қол қылмыскерлер үйдегі ақшаны, бағалы заттар мен екі жол талғамайтын көлікті қолды қылған. Жедел іздестіру жұмыстары барысында өңірлік криминалдық полиция басқармасы күдіктілерді қолға түсірді. Ұсталғандардың барлығы Қызылорда облысының 20 мен 25 жас аралығындағы тұрғындары. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 4 және 2 баптары бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде.