«Халықтың бюджетке қатысуы»: 2019 жылдан бері Алматының Медеу ауданында 53 жоба жүзеге асқан

19.07.2022 в 00:26

Өтініштер 20 шілдеге дейін қабылданады

Almaty.tv

Алматының Медеу ауданында 2019 жылдан бері «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы арқылы 53 жоба жүзеге асқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жергілікті тұрғындар көшелері мен аулаларын көріктендіріп, қаланың дамуына үлесін қосып жатыр. Ол үшін мемлекет тарапынан жыл сайын әр ауданға 800 миллион теңге бөлінеді.

Медеу ауданында осы жылы «Халықтың бюджетке қатысуы» арқылы 20 жоба мақұлданса, қазір соның 10-ы пайдалануға берілген. Мәселен Пушкин және Жүргенов көшелерінің қиылысында орналасқан көпқабатты тұрғын үй ауласында балаларға арналған ойын және спорт алаңынан бастап, автотұраққа дейін бар. Игі жобаның игілігін көріп отырмыз деген тұрғындар әкімдікке алғысын білдірді.

«Мына ойын алаңдарының барлығын әкімшілік салып берді. Қазір балалар мен тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Ол кісілерге рақмет. Қолдарынан келгенше бәрін жасап берді», –деді қала тұрғыны Рашит Құлбаев.

Шешімін тапқан тағы бір мәселе жоғарыға көтерілуге ыңғайлы етіп салынған баспалдақ. Тұрғындардың қалауымен іске асқан жоба жақында ғана қолданысқа берілді.

«Осы жерге баспалдақ салуды 2 жыл көтерген едім. Қазір мәселе шешіліп, халық риза. Бұрын тұрғындардың көпшілігі бұл жерден өткенде қатты қиналатын. Көпшілігі зейнеткер болды. Қазір өте қолайлы», – деді қала тұрғыны Құрманғали Байболатов.    

Әкімдік өкілдері халық «Бюджетке қатысу» жобасын енді түсініп, нәтижесін көрген сайын қызығушылықтары артып келеді дейді. Қазірдің өзінде тұрғындар тарапынан келесі жылға 109 өтініш түсіпті.

«Халықтың бюджетке қатысу» бағдарламасы 2019 жылы бастау алды. Өз көшесі мен ауласына көңілі толмайтын тұрғын budget.open-almaty.kz порталы арқылы өтініш қалдырып, өз жобасын ұсынса болады. Мақұлданған жағдайда мемлекеттен қаражат бөлінеді. Өтініштер 20 шілдеге дейін қабылданады», – деді Медеу ауданы әкімдігінің өкілі Артур Сембаев.  

Айта кетейік, өткен жылы алматылықтар тарапынан көшелері мен аулаларын дамыту үшін 934 ұсыныс түскен. Нәтижесінде құны 5,4 миллиард теңге болатын 256 жоба жүзеге асыпты.

Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы