Пара берді деген айыппен жұмыстан босатылған шымкенттік экс-полицейлер наразылық білдірді. Олардың айтуынша, командирге көмек үшін берілген ақшаны прокуратура пара деп таныған, деп хбарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шымкенттегі прокуратура алдына жиналған бұл азаматтардың барлығы былтыр ғана полицияда қызмет еткен. Алайда пара берді деген айып тағылған олардың барлығы қазір жұмыссыз жүр. Олардың айтуынша, командирге өлім-жітім мен балалар үйіне көмекке берілген ақшаны прокуратура пара деп таныған.
– Оларға пара беретіндей, менің мансабымды ешкім көтеріп жатқан жоқ. 48 адамды жұмыстан шығарып жібереді. Ал өзгесінің ақшасы «өлім-жітімге берілді» дейді. Біреуінің ағасы прокурор, екіншісінің ағасы прокурордың орынбасары, енді бірінің ағасы сот. Бұл жерде мен сияқты ешкімі жоқтар кінәлі болып отыр, – деді бұрынғы полиция қызметкері Оразали Қалтаев.
Наразы топ тексеріске ілінген 95 адамның жартысы жұмыста қалғанын айтады.
– Рота командирлері әр кезекшілікке түскенде 5 мың теңге, ал демалысқа шыққаны үшін 2 мың теңгеден жинап отырған ғой. Ешқандай соттың прокурордың, тергеушінің туысқандары деген жоқ, – деді прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қадағалау басқармасының орынбасары Адай Құтымов.
Шымкенттік полицейлерді тексеру 2022 жылдың маусымында басталған. Барлығы 95 қызметкердің соңында 51-і ғана жұмыста қалыпты. Ал жұрттан ақша жинады деген екі командирдің әрқайсы 7 жылға сотталып, 5 сыбайласы айыппұл арқалаған.
Назерке Үкібасова, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Шымкент
Оқи отырыңыз: Жұмысқа орналастырамыз: Елді алдап келген қылмыстық топ ұсталды