Түрксіб ауданының батпақ кешкен тұрғындары әкімге назын айтты

25.04.2019 00:26

Жаңбырлы күні адам түгілі көлік те жүре алмайды дейді жергілікті халық

Түрксіб ауданына қарасты Нұршашқан ықшамауданының тұрғындары тас жолға зәру деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айтуларынша көктемде балтырдан лай кешіп, жазда шаң жұтып жатқандарына бес жылдың жүзі болған. Тас жол төселсе, өзгенің иелігімен жүрмес едік деп базынасын жеткізді олар.

- Біз Нұршашқан шағынауданының тұрғындарымыз, біразымыз бұл жерде 5 жылдан бері тұрып келеміз. Осы уақыттан бері көшелерге асфальт төселмеген, жол жоқ. Қазір жаңбырлы кезең, батпақтан жүре алмай отырмыз. Тіпті, көлікпен өтудің өзі мұң. Асфальт төсемесе деғ ең болмаса қиыршық тас төсеп берсе екен, жүріп-тұруымызға сәл де болса ыңғайлы болар еді.

- Электр жарығын, газды, инфрақұрылымның бәрін өз ақшамызға өз күшімізбен тартып алдық. Ал, жолды жасауға шамамыз келмейді. Тіпті, жолдың орны да жоқ. көліктер батпаққа жиі тығылып қалады. Жедел жәрдем шақырсақ үйге дейін жете алмайды. Балалар мектепке шөптің арасымен барады. Күн жылынды, кене шықты, өмірлері үшін қауіптеніп отырмыз. Неге жергілікті әкімдік біздің проблеманы шешіп бере алмайды? – дейді Нұршашқан шағынауданының тұрғындары.

Түрксіб ауданындағы Әлмерек шағынауданында да дәл осындай проблема бар. Мұнда жолдың жоқтығынан қоғамдық көліктер көшенің соңына дейін бармайды екен.

- Мен Әлмеректе тұрамын. Түрксіб ауданының әкімінен ең алдымен жол сұрағым келеді. Жолдың жоқтығынан мына көшенің тұрғындары батпақ кешіп жүр. Автобустар көшенің соңына дейін бармайды, салдарынан балалар аялдамаға дейін лайлы су кешіп барады. Мешітке де бара алмай қалдық, маңайының бәрі көлшік.

- Автобустар ескі мектептің жанына дейін келсінші деп қаншама уақыттан бері айтып жүрміз. Сөзімізге ешкім құлақ аспайды. Үлкен қарт кісілерге, балалы аналарға, оқушы балаларға жүріп-тұру өте қиын, - дейді Әлмерек тұрғындары.

Ал, бұл сауалдарға бейсенбі күні 19:30-да Түрксіб ауданының әкімі Павел Кулагин тікелей эфирде «Әкіммен ашық әңгіме» бағдарламасында жауап береді. Аудан тұрғындары өздерін мазалаған сұрақтарын қазірден бастап «Алматы» арнасының ресми сайтында қалдырып, WhatsApp қосымшасы арқылы жазбаша, аудио және бейне жазба ретінде жібере алады. Сонымен қатар, тікелей эфир кезінде студияға қоңырау шалу арқылы да сауалдарыңызға жауап ала аласыздар.