Алматыдағы индустриалды аймақта жыл соңына дейін 20 млрд теңге болатын 10 жоба іске қосылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның алтауы ірі кәсіпорын болса, қалғаны шағын өндіріс ошақтары. Қазір жұмысшылар ғимараттың негізгі құрылысын аяқтап, ішкі монтаж жұмыстарына кіріскен. Нәтижесінде 2500 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жалпы аумағы 326 гектарды алып жатқан Индустриалды аймақтың қазір 245 гектары бос емес. 19 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Соның бірі жақында ғана іске қосылған трансформаторлар мен электротехникалық құрылғылар жасап шығарумен айналысатын кәсіпорын.
«Жоба іске қосылды. Біз тұрған ғимаратта металл құрастыру мен бояу цехы орналасқан. Қазір екінші ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Онда жоғары вольтті вакумдық ажыратқышты құрастыру жұмысын қолға алмақпыз. Бұл компания үшін жаңаша тәжірибе болғалы тұр», – деді кәсіпорын директоры Александр Яровых.
Бұл – машина зауыты. Индустриалды аймақтағы ең ірі әрі қала экономикасына қыруар қаржы әкелетін де осы – кәсіпорын. 800-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Басшылықтың айтуынша, соңғы 3 жылда көлікке деген сұраныс жоғарылаған. Келер жылы зауыттың аумағын кеңейтіп, техникалық әлеуетін одан әрі дамытпақ ниетте.
«Қазір көліктерді елімізден бөлек, Өзбекстан, Беларусь пен Қырғызстанға шығара бастадық. Отандық өнімге өзге елдер де қызығушылық танытып отыр. Десе де бірінші кезекті ішкі нарықты толық қамтуды көздейміз. Содан соң жеңіл көліктерді алыс-жақын елдерге сатамыз», – деді зауытының директоры Максим Тарасов
Жеңіл көлікті құрастыру үшін 2 күн ғана қажет екен. Ол 2 мыңнан астам процесстен өтеді дейді мамандар. Кәсіпорын бүгінге дейін жылына 25 мың жеңіл көлік шығарып келген. Жыл соңына дейін оның санын 2 есеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Қазір өнеркәсіп саласындағы өзекті мәселенің бірі – маман тапшылығы. Жастардың көбі бұл бағытқа келе бермейді екен. Бірі айлығы мардымсыз десе, енді бірін тұрғын үй мәселесі алаңдататын көрінеді. Құрылыс басқармасы алдағы жылы техникалық бағытта оқытатын мамандар даярлайтын оқу орнын салуды бастайды. Колледж осы индустриалды аймақта орналасады.
«Индустриалды аймақтан 5 гектар жер бөлінді. Сол жерде олар техникалық колледж салады. 2024 жылға дейін жобаны іске асырады деп жоспарлап отырмыз», – деді «Алматы индустриалды аймақ» ЖШС басшысының орынбасары Арслан Әбдамит.
Кәсіпкерлердің жұмысын іргерілетуіне қала әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Мемлекеттен жер бөледі, жеңілдетілген пайызбен 500 млн теңгеге дейін несие береді. Өндіріс орындарының сыртта емес, қала іргесінде орналасқаны аса маңызды. Себебі мегаполистегі бизнестің бойына қан жүгереді, жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы