Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 600-ден астам адам жүгінген
Алматылық көпбалалы отбасылар екі қолға бір күрек тауып жатыр. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 600-ден астам адам жүгінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Абай Көпжасаров – алты баланың әкесі. 52 жастағы азамат 30 жылдан аса құрылыс саласында қызмет еткен. Алайда жарты жыл бұрын қызмет істеген компаниясы жабылып, жұмыссыз қалған. Осы жылдың басында Алматыдағы жұмыспен қамту орталығына барып құжаттар өткізіпті. Мекеме бір аптаның ішінде аула сыпырушы жұмысын ұсынған. Алайда Абай Көпжасаров электрик мамандығымен жұмыс істеуді қалаған.
«Жұмыспен қамту орталығынан осында жіберді. Мұнда істеп жатқаныма да бір айдан асып қалды. Мен ол жаққа электрикке өтініш бергем. Ол жаңа жылдан кейін ақпан айында еді. Содан бері хабар жоқ», – дейді Абай КӨПЖАСАРОВ.
Ал, Ғани Құраш – «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарапатын көргендердің бірі. Осы уақытқа дейін кинооператор болған оның студия жабылған соң табысы тоқтаған. Содан біраз уақыт қалада жолаушы тасымалдапты. Кейін Жұмыспен қамту орталығына құжат өткізіп, қазір өз мамандығы бойынша қызмет істеп жүр.
«Жұмыспен қамту орталығына келгенде тез табыла қалмайтын шығар деп ойлағанмын. Бірақ жұмыс тез әрі өз мамандығым бойынша табылды», – дейді Ғани ҚҰРАШ.
Ал Альбина Әміренова – 5 баланың анасы. 2003-ші жылдан бері бала тәрбиесімен айналысып келеді. Кенжесі есейген соң жұмыспен қамту орталығына хабарласқанын айтады. Тез арада құжаттар жинап, оқу курсына жазылыпты. Қазір ай сайын 16 мың теңге стипендия алады. Оның үстіне жол ақысы ретінде 2 жарым мың теңге тағы беріледі екен.
«Бұл жерде біз алдымен теорияны үйрендік. Ағылшын тілін де меңгеріп жатырмыз. Мұғалімдері өз жұмыстарын жақсы біледі. Алдымен ішкі туризмді өттік, кейін шетелдікін үйрендік. Маған негізі адамдармен жұмыс істеген ұнайды. Сондықтан осы бағытты таңдадым. Курс аяқталған соң бізді жергілікті мекен-жай бойынша жақын маңдағы тур агенттіктерге тәжірибеден өтуге жібереді. Ары қарай сол жақта жұмыс істеп кетуге мүмкіндік бар», – дейді Альбина ӘМІРЕНОВА.
Жалпы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша көпбалалы жанұялардың ата-аналары қоғамдық және әлеуметтік жұмыстарда қаржы тапса болады. Немесе қысқа мерзімді оқу курстарынан өтіп, қалаған мамандық бойынша қызмет етуге мүмкіндігі бар. Мамандар орталыққа келген адам міндетті түрде жұмыспен қамтылады дейді.
«Негізі біздің мақсатымыз курсты бітірген азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру. Біз осының барлығын қадағалаймыз, жұмыс қарастырамыз», – дейді Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Гаухар ӘУЕЛОВА.
Бүгін жұмыспен қамту орталығына әлеуметтік аз қамтылған отбасынан 317 адам, ал көпбалалы жанұядан 283 адам жұмыс іздеп келген екен.