Электронды аударым: заңсыз әрекет еткен кәсіпкерлерге айыппұл салынады

13.02.2024 в 00:27

Заңгер айтқандай, саудагердің дайын ақшаға ғана тауар сатамын деуге құқығы жоқ

«Салықтан жалтарған кәсіпкерлерге тиісті шара қолданылады». Ал электронды аударым жасағанда қосымша ақша сұрағандарға қомақты айыппұл салынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Саудасы жүргенге мәз болатын саудагерлер төлем түрін тұтынушылардың таңдауына қалдыратын. Бірақ қазір әңгіме бөлек, көбі «мобильді аударым қабылданбайды. Қолма-қол төлем арқылы сауда жасаймыз» дейді. Арасында «қолма-қол ақша берсең ғана тауарды нарықтағы бағамен аласың, ал мобильді аударым жасайтын тұтынушылар үшін құны қымбат» дейтіндер көбейген.  

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі елде 86 пайызға дейін өскен. Тек ес білген ересектер емес, алты жасар бала да мобильді аударым жасайды. Демек, көпке қазір қолма-қол ақшадан гөрі, электронды түрде есеп айырысқан ыңғайлы.

– Кәсіпкерлердің әрекеті - заңсыз. Себебі Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы заң нормалары 40-бабының талаптарына сәйкес, егер дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар төлем карталары арқылы төлем қабылдаған жағдайда, қолма-қол ақша қаражатымен белгіленген бағадан аспайтын сауда жүргізуі тиіс, – деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы.

Алғашында саудагерге заң аясында ескерту жасалады.

– Ал ескертуді қабылдамай, басқа да талаптарды қойса, яғни қолма-қол ақша талап етіп отырса, 40 айлық есептік көрсеткіш, орташа есеппен 146-147 мың теңге көлемінде айыппұл салынады, – деді заңгер Нұра Өтебаева

Заңгер айтқандай, дайын ақшаға ғана тауар сатамын деуге саудагердің құқығы жоқ. Егер тұтынушы төлемді электронды жасағысы келсе, қабылдауға міндетті. Ал елде қабылданып жатқан іс-шаралардың негізігі мақсаты – көлеңкелі бизнестің көзін жою, цифрлы жүйеге өту.

 Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде ең жоғары жалақы төленетін жұмыс орындары аталды