Қаржы пирамидасы: Ақтөбеде 100-ден аса азамат көлігін пайдалана алмай отыр

24.02.2023 в 00:27

Олардың айтуынша, өздері алаяқтардан зардап шексе де, сот процесіне тек куәгер ретінде қатысып жүр

Ақтөбеде 100-ден аса адам адал ақшасына сатып алған көлігін игілігіне пайдалана алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаржы пирамидаларына қатысты іс бойынша апелляция қаралып жатыр. Үкім жарияланғалы жарты жыл өтсе де, алданған салымшылардың заттай дәлелдемесі және азаматтық талабы әлі шешімін тапқан жоқ. 3 жылдан бері қаржы ұйымының құрбанына айналғандар заң бойынша сатып алған мүлікін қайтара алмай жүр.  

«Сол кезде көліктің нарықтағы бағасы 3,5 млн болды, олар маған ақшаның шұғыл қажет екенін біліп, 2 млн 800 мың теңгеге ұсынды. Бірақ 2 апта ішінде ломбард жабылды, маған ешкім хабарласпады. Ал мен өз көлігімді сақтандыру арқылы таптым, иесімін, бірақ ала алмай отырмын, өйткені ол айыптұраққа қойылды. Қазір Түркістан облысының бір ауылында тұр», – деді жәбірленуші Дархан Есжанов

Қазақстан бойынша қаржы пирамидасының Дархан секілді 17 мың құрбаны бар. Әзірге сот 16 мың шағымды қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Бірақ мүліктің иелері мұнымен мүлдем келіспей отыр. Мәселен Алексей Пупыкин көлікті 2 миллион теңгеге сатып алған. Бірақ мұндай жағдайға тап боламын деп ойламаған да екен.

«Мүлікті алған кезде бәрі заңды болды. Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы рәсімделді.  Яғни ломбард немесе басқа нәрсе туралы ештеңе айтылмады. 3 жылдан астам уақыт өтті, біз мүлкімізді толықтай қолдана алмай келеміз. «Тиімді депозит» бойынша сот үкім шығарды. Енді көлікті бірінші иесіне қайтару керек. Неге мен адал ақшама алған затымды қайтаруым керек», – деді қала тұрғыны Алексей Пупыкин.

Олардың айтуынша, өздері алаяқтардан зардап шексе де, сот процесіне тек куәгер ретінде қатысып жүр. Көлікті танымал сайттардағы хабарландырудан көріпті. Бағасы мен сапасы қызықтырған соң заң бойынша сатып алыпты. Тергеу сотталушылардан барлығы 54 мүлікті тәркіледі. Оның ішінде жеке үй, пәтер, автомобиль бар.

«Осы іс бойынша заттай дәлелдемелерді қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес бірінші сатыдағы сот шешті. Қазір үкім заңды күшіне енген жоқ. Іс бойынша апелляция қаралып жатыр», – деді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі бөлімінің басшысы Айжамал Сүндет.

Тәркіленген көліктердің жайы не болатыны әзір белгісіз. Дау азаматтық сотта шешілуі қажет болған. Бірақ прокурорлар барлық мүлік бұрынғы иесіне қайтарылатынын айтты.

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе