Жауапты министрлік аяқсыз қалған жобаларды қайта пысықтау жұмыстары жүріп жатқанын айтты
Елімізде аяқсыз қалған құрылыс көп. Қазір республика бойынша 150-ден астам нысанның құрылысы тоқтап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
5 қабатты тұрғын үйдің құрылысы 2015 жылы басталған. Кейін жылға жетер жетпестен аяқсыз қалған. Алғашқы мердігер компания жобаға бөлінген қаражатты кәдесіне жаратып, тайып тұрған. Салдарынан қазығы қағылған баспана орта жолда қалып қойған екен. Шаруасы тұралап қалған құрылысты қазір «Нұр-Астана» компаниясы жалғастыруға кіріскен.
«Жұмыстар жүріп жатыр. Абаттандыру жұмысы, ішкі және сыртқы құрылысы толығымен жасалып жатыр. Бұйыртса, бітіп қаламыз. Бізде әр блокта 15-20 пәтерден. 14 блок бар», – деді мердігер мекеме өкілі Әли Ырыс.
Басы бар, аяғы жоқ нысандардың саны жыл санап азаймаса, кемімей тұр. Ресми дерекке сүйенсек, елде құрылысы бітпеген 100-ден аса ғимарат бар екен. Қарағанды облысында 27, елордада 16, Түркістан облысында 11, Маңғыстау облысында 10 нысанның шаруасы бітпей тұр. Жауапты министрлік болса қазіргі күні жер-жерде аяқсыз қалған жобаларды қайта пысықтау жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
«Жергілікті әкімдіктердің ақпарынша, құрылысы ұзаққа созылған нысан саны – 154. 50 нысан инфрақұрылымдық жобалар. 55-і әлеуметтік нысандар, ол - мектеп, балабақша, емхана. Ал 40 тұрғын үй құрылысы. Аяқсыз қалған жұмыстар барлық өңірде пысықталып жатыр. Құрылыстың тоқтауының негізгі себебі уақытылы қаржыландырылмауында», – деді ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің ресми өкілі Аягөз Бекенова.
Елдегі бітпей қалып қойған құрылыс мәселесін жуырда Мәди Ахметов те көтеріп, депутаттық сауал жолдаған болатын. Оның айтуынша, аймақтардағы жобаның біріне қаржы жетпесе, енді бірінің мердігері жауапсыз. Салдарынан әлгі жобаға енген мектеп, балабақша, емхана сынды нысандарды халық сарыла тосуға мәжбүр. Осыдан барып бұқараның билікке сенімі жоғалады.
«Біздің Үкіметтен сұрап отырған негізгі мәселеміз жаңа жобаларға млрдтаған халықтың салығынан түскен ақшаны жұмсай бергенше, етек жеңімізді өзіміздің осы 10-15 жылдап салынбай тұрған ақша бөлінген ПСД жасалған орта жолда тоқтап қалған жобалардың ревизиясын жасап, нақты шешімдер қабылдасақ», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов.
Осылайша Министрлік өкілі атап өткен себептің бірі – қымбатшылық кезде тендерге түсуге құрылыс компанияларының құлықсыздығы екен. Одан қалды мемлекеттік органдар мен мердігер арасындағы дау-дамай тағы бар. Салдарынан бөлінген қаржы желге ұшып, өтеусіз қалып отыр.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астанадан