Қауіпті індеттің беті бері қайтпаса да, кәсіпкерлер арқаны неге кеңге салады?
Алатау ауданында орналасқан қос қоғамдық тамақтану орны мен бір сұлулық салоны жабылып қалды. Өйткені ескертпей тексеруге келген мамандар кемшіліктерді көріп, жағасын ұстады. Тазалықты талап еткен топ олқылықтарды түзегенге дейін кәсіпкерлерге қызметін тоқтату керек екенін айтады. Санитарлық ережелер кафе, сұлулық салоны, тіпті азық-түлік дүкенінде де сақталмаған. Қауіпті індеттің беті бері қайтпаса да, кәсіпкерлер арқаны неге кеңге салады? Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.
Ғимаратқа кірген бойда мониторинг жасап жүрген топ кафенің пандемия кезінде халықты қабылдауға дайындығын тексере бастады. Көзге бірден келушілердің дене қызуын өлшейтін құрылғы мен кезекші маманның жоқтығы түсті. Ал кіреберісте антисептик болмай шықты. Қордағы қолғап, медициналық масканың қызметкерлерге жетпейтіні тағы бар. Бірақ әкімші тазалыққа жіті қараймыз деді.
Жаманын жасырып, жақсысын асырғысы келген кәсіпкердің жіберген қателіктерін жою керек деген мамандар кафені жауып тастады. Ал ас ішіп отырған қонақтарға кетуге тура келді.
Ақккент ықшамауданындағы дәл осы жерде 4 дәмхана бар. Бүгін тексерушілер келеді деген естіген олар жабылып қалды дейді тұрғындар. Өйткені кеше ғана жылдам ас дайындап, халыққа қызмет көрсеткен еді.
Бұл лағман дайындайтын асхана тексерушілерден қашып құтыла алмады. Санитарлық нормалар сақталмаған тамақтану орнында
қашықтық мүлде сақталмаған. Өйткені кәсіпкер керек емес үстелдерді шығарып тастамапты. Піскен астың беті ашық жатыр. Байланыссыз дене қызуын өлшейтін құралды қолданбайтыны көрініп тұр. Өйткені ол ораулы күйі қорап ішіне салынған.
Келесі нысан сұлулық салоны болды. Кәсіп иесі термометр алуды қымбатсынса керек, қарапайым дене қызуын өлшейтін құралды қолданып жүр екен. Мамандар оны ауыстырған жөн екенін айтты.
«Біріншіден, барлық обьектілер қайтадан жаңғырту жұмысына ескерту бермеген. Екіншіден, өздеріңіз көргендей, маска, қолғап, дезинфекция заттарынан басқа да жуып-тазалауға арналған заттармен қамтамасыз етілмеген», – деді Алатау аудандық Тауарлар мен қызметтерді бақылау басқармасының санитарлық қадағалау бөлімі басшысының орынбасары Сәуле АХАН.
Алматының Алатау ауданында бір апта ішінде 70-тен астам нысан тексерілді. Нәтижесінде, санитарлық нормалар сақталмаған 35-і халықтың денсаулығына қауіп тудыратындықтан уақытша жабылған.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, Алматы телеарнасы