Аязда 3 күн жарықсыз отырдық: ауыл тұрғындарды электр желілерінің ескіргеніне наразы

03.05.2023 в 00:27

Халықпен кездесуге келген Жасұлан Естенов елдімекендерге жол жасалатынын айтты

«Жарықсыз, жолсыз күн кешіп келеміз». Алматы облысы Елтай ауылының тұрғындары көшенің талай жылдан бері жөнделмегенін айтып, шағымданды. «Жолға бөлінген қаражат толық игерілмеді» деген ағайын жарықпен жеке компания қамтамасыз ететінін алға тартты. Елдімекен жұрты мәселесін жіпке тізіп, Қарасай ауданының әкіміне де барды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұң шаққан халық мәселенің май шаммен қаралуын талап етті. Тұрғындардың айтуынша, миллиондап қаржы бөлінсе де, іс бітер емес. Құрғақ уәдеге тойған жұрт осы күнге дейін талай табалдырықты тоздырған.

«Біз тұратын көшеде су тасқыны болды. Көршім Архат екеуміз суға батып қалдық. Әкімдік өкілдерін шақырсаң келді де, ештеңе істеуге келмейдінің керін келтіріп, кетіп қалды», – деді Елтай ауылының тұрғыны Жанар Әбдіғаппарова.

«Алты айда 6 миллион мүлде жоқ. Жолға төгілген шиыршық тастың құны 6 миллион тұрмайды. Қалыңдығы 5-ақ сантиметр. Жаңаәділ, Басар деген 2 көше бар, ол жаққа жеткен де жоқ», – деді Елтай ауылының тұрғыны Назгүл Еслямова.

Тұралап қалған түйткілді тұрғындар Қарасай ауданы әкімінің алдына барып та айтты. Елтай ауылдық округінің халқымен кездесуге келген Жасұлан Естенов елдімекендерге жол жасалып, жарық берілетінін айтты.

«Біз әуелі халық көп жүретін жолдарды жөндейміз», – деді Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов.

«2022 жылы жолға орташа жөндеу жұмысын жүргізу үшін тендер ойнатылды. Ақша біздің ауылдың қаражатынан бөлінген. Қазіргі нарық бағасымен есептегенде 10 миллион теңге асфальт төсеуге жетпейді», – деді Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Белқожаев.

Жұртты алаңдатқан тағы бір жайт – жарық мәселесі. «Электр желілерінің көп бөлігі ескірген, жел тұрып, күн суытса қуаты жетпей, тас қараңғыда қаламыз» дейді көпшілік. Тұрмыстық техниканың сау-тамтығы қалмай, шам жағып отырған күндері де болған.

«Бізді АЖК-ға өткізіп, электр жарығының бағасын мемлекет қойған тарифпен төлесек. Бұл – бірінші талап. Екіншіден, жеке трансформатор бүкіл үйді жарықпен қамтамасыз ете алмады. Екі рет өртенді. Қысқы аязда 3 күн жарықсыз отырдық», – деді Елтай ауылының тұрғыны Архат Кәрібаев.

Жекеден 28 теңгеден жарық алып келген жұрт, жанталасып жүріп тоқ реттегіш трансфарматорды әкімдікке қойғызыпты, бірақ жарық сол қалпы жиі өшеді, бағасы да арзандамаған.

«Трансформатыр жекеменшік жерде тұр. Оған мемлекеттік акт шығарып, жердің мақсаттық бағытын ауыстыруға берілді. Осы комиссия шешімімен үкіметке тапсырып, АЖК-ға өткізіледі», – деді Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Белқожаев.

Елтай ауылдық округіне 9 ауыл кіреді. 18 мың халқы бар елдімекенде шешілмеген шаруа шаш етектен. Оны әкімдік өкілдері де растап отыр. Тіпті жылда бөлінген бюджеттен бөлек, ауылда «үнемделген қаржыны тисті жеріне жұмсап жатырмыз» деп ақталды. Ал ауыл адамдары арызын айтып, «ақшасы игерілмеді» деген көшеге бөлінген 11 миллион теңге тек 1 шақырым 800 метрге ғана шиыршық тас төсеуге арналған.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы