Алматыда карантин кезінде коммуналдық төлемдерді кешіктіріп төлеуге рұқсат берілді

egemen.kz
egemen.kz
Мұндай жаңалықты алғаш болып қала әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда карантин кезінде коммуналдық төлемдерді кешіктіріп төлеуге рұқсат берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұндай жеңілдік қызметтерді төлеуге мүмкіндігі жоқ тұрғындар үшін қолға алынды. Енді наурыз және сәуір айына келген түбіртекті жыл соңына дейін төлеуге болады. Бұл ретте кешіктіргені үшін өсімақы мен айыппұл есептелмейді. Сондай-ақ, карантин кезінде қызмет көрсетушілер электр, су, жылу, газ және телефон байланысында қарызы бар тұтынушыларды ажыратпайды. Мұндай ақжарма жаңалықты алғаш болып қала әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол қиын жағдайға тап болған алматылықтарды қолдау үшін осындай жеңілдік жасауды шешкен.

Қала басшысы карантин жариялау қауіпті індеттің таралуын мүмкіндігінше тезірек тоқтату үшін қолға алынғанын айтты. Дегенмен халықтың басым бөлігі  ақысыз еңбек демалысына кетуге, енді бірі қысқартуға ілікті. Бұл жағдай аз қамтылған және жұмыссыз жүрген жандарға ауыр тиді. Сондықтан қазіргі ахуалды ескеріп, төлемдерді жағдай оңалғанда төлеуге мүмкіндік берді. Бастаманы, суға, жылуға, жедел сатыға, жарыққа қатысты барлық коммуналдық мекемелер бірауыздан қолдады. Түбіртекті төлеуді кейінге шегеру үшін сайтқа өтінім тастау жеткілікті.

«Алматы қаласын сумен және кәріз жүйесін қамтамасыз ету мақсатында өз жұмысын тоқтатпайды. Ары қарай жалғастырады. Және осы карантин уақытында дебиторлық қарыздары барларды өшіру және басқа да қызметтерді өшіру мақсатында жұмыс жүргізілмейді. Карантин уақытында қаржылық қиындық туындаған кезде, Алматы мемлекеттік мекемесі өзінің сайтында дебориторлық қарызы болып қалса, соны жылдың аяғына дейін бөліп төлеуге адамдарға мүмкіндік беріп отыр», – деді «Алматы су» МКК коммерциялық директоры Айдын САЙЛАУБАЙ.

Бүгінгі күннен бастап карантинге байланысты материалдық жағдайы қиындаған тұтынушы телефон арқылы немесе электрондық сайттар арқылы кейінге шегерім ала алады. Әр коммуналдық қызметтің есеп айырысу бөліміне хабарласу қажет. Сонда екі айдың төлем мерзімін ұзарта алады.

«Біздің колл-центріміз штаттық режимде жұмыс істейді. Жұмыс істеуі кестеміз де өзгеріссіз қалды. Таңғы 08:00-ден бастап кешкі 18:00-ге дейін желі қосулы. Көп каналды телефон тоқтаусыз жұмыс істейді. Қосымша сайттарда электронды мекен-жайлары бар. Сонда кез келген сұрақ қойып, жауап ала аласыздар!», – деді «Алматы жылу жүйелері» ЖШС коммерциялық директоры  Болат ҚҰЛАТАЕВ.

Бастаманы қолдағандар қатарында «Алматытелеком» мекемесі де қолдап, халықты байланыссыз қалдырмауды құп көрген. Қарызды төлемесе де, үй телефоны, ғаламтор, сандық телевидение мен мобильді байланыс сөндірілмейді.  Барлық ақпарат экранда көрсетілген.

Жадыра Омаржан, Ильзат Акчурин

«Алматы» телеарнасы


Новости партнеров