40 жыл ораза ұстаған алматылық әже Рамазанның ерекшелігін айтты

Almaty.tv
Almaty.tv
Зейнеткер оразаны алғаш рет 1980 жылы ұстаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

40 жылға жуық уақыт үзбей ораза ұстап келген алматылық кейуана бүгін де сәресі уақытында тұрады. 80-ге таяған Алматы тұрғыны Бинәш Далабаева бес парыздың толық орындап келеді, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.


Оның айтуынша,  ораза – ағзаны да, ойды да тазалайтын тек жақсылыққа бет бұратын ай.

10 немере, 16 шөбере сүйген алматылық зейнеткер оразаны алғаш рет 1980 жылы ұстаған. "Ал ол кездері жасым қырықта еді" деп еске алды кейуана. Содан бері діни сауатын арттырып, жыл сайын айлардың сұлтанын асыға күтеді екен.

«Оразаның денсаулыққа да пайдасы бар. Балаларға үлгі болады. Өзің таңертеңнен ұйқыңнан тұрасың, тазалыққа да мән бересің», – деді зейнеткер Бинәш Далабаева.

Бүгін Қазақстанның барлық мешітінде жамағат басын қосып Тарауих намазын оқиды. Айта кетсек, бұл намаз тек Рамазан айында оқылады. Қасиетті айда сауап еселеніп, дұға-тілектердің қабыл болады. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының шешімімен биылғы оразада ауызашарға қонақ шақыруға рұқсат берілді. Қаладағы мешіт қызметкерлері қасиетті айда жетім-жесірлерге, әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсетіп, жақсылықты үлгі етпек.

«Ауызашар дастархандарын мешіттердің маңында жайып, ауызашар беруге ниетті кісілер мұсылмандарға дастархан жаяды. Бір ғана Орталық мешіттің өзінде арнайы "Рамазан" шатыры құрылып, 500 кісіге күнде ауызаштырамыз», – деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан

Айта кетсек, биылғы пітір садақа мөлшері – 500 теңге. Қалалық бас имамның айтуынша, пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелген.

Оразай Нұртай, Ялкунжан Әшімжан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров