Бұрын қаланың орталығын дамытуға 65 млрд теңге, шеткі аудандарына 15 млрд теңге бөлінсе, енді керісінше болмақ
Бұдан былай қала шекарасындағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне көп көңіл бөлініп, шеткі аудандарды дамытуға қаржының басым бөлігі жұмсалады. Сөйтіп, мегаполистің орталығы мен шетіндегі теңсіздік жойылмақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Екі миллионға жуық тұрғыны бар Алматы – бүгінде ел экономикасының күре тамыры. Жыл сайын әр сала бойынша дамып келе жатқан көрікті қала, бұл қарқынды бәсеңдетпейді. Әлі де қарқынды үдетеді. Десе де, ең кемшін тұсы ол – шаһардың орталығы мен шет жағының арасындағы теңсіздік. Бұған дейін Алматының орталығын көркейтіп, инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінген еді. Тіпті қаржының да басым бөлігі осы маңды абаттандыруға жұмсалған. Енді мұндай теңсіздікке жол берілмейді дейді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
«2009-2010 жылдардан бастап қаланың аумағы екі есеге ұлғайды. Жаңадан елдімекендер қосылды. Бірақ сол жаңадан қосылған аудан тұрғындарына әлі күнге дейін жағдай жасалмай келеді. Инфрақұрылым жоқ, әлеуметтік нысандар жетіспейді, халық ауыз су тапшылығын тартып отыр. Соңғы 5 жылда қаланың орталығын дамытуға 65 млрд теңге, ал шеткі аудандарды жетілдіруге 15 млрд теңге бөлінген болатын. Енді керісінше болады. Арадағы теңсіздікті жою үшін шеткі аумақтарды көркейтуіміз қажет. Барлық күш-жігер соған жұмсалады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Теңсіздікті түгелдей жоюға бел шеше кіріскен Бақытжан Сағынтаев қарамағындағыларға бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Нәтижесінде алдағы 3 жылда қаланың шеткі аумақтары еңсесін түзеуі қажет. Әсіресе тұрмысын тіктей алмай жүрген тұрғындарға тиісті көмек беріледі. Жаңа еңбек орындарын ашып, жұртты жұмыспен қамту басты назарда болмақ. Енді әрбір аудан әкімдері өздері басшылық ететін аумақтардағы проблемаларды бүкпесіз баяндап, оны шешу жоспарларын бекітуі тиіс.
«Қалаға әкім болып тағайындалғалы бері әр ауданды аралап көріп, проблемаларымен таныстым. Тек Әуезов пен Жетісу ауданының әкімдері мәселелерін жасырып, мені әдемі көріктендірілген жерлерге алып барды. Бұл дұрыс емес. Керісінше, қандай проблема бар ашып айту керек. Барлық аудан әкімдеріне тұрғындар тарапынан түскен шағым бойынша проблемаларда тізіп, оларды шешу жолын ұсынуды тапсырамын. Аулаларды аралап, қай жерлерде жарық жоқ екенін анықтаңыздар. Бұдан былай аулаларды көріктендіргенде жарығын да қоса жасау қажет», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Алып шаһарда мектеп тапшылығы сезіледі. Бүгінде 70 мың оқушы оқитын жер таппай қиналып жүр екен. Сондықтан, алдағы уақытта қалада мектеп, балабақша, емхана сынды әлеуметтік нысандарды көбейту де көзделуде.
Алматылықтарды алаңдатқан тағы бір мәселе – көше жарығы. Қалада аулалардың 52 пайызы, ал көшелердің 26 пайызында жарық жоқ екен. Бұл мәселені шешу үшін жаңа жоспар құрылды.
«Көше жарығына қала бюджетінен ақша бөлініп қойған екен. Бірақ, қаражат жарығы бар көшелердің шамдарын диодтыққа ауыстыруға бөлініп отыр екен. Бұл мақсаттағы жұмысты тоқтатамыз. Ескі шамдар ауыстырылмайды. Қаражат мүлдем тас қараңғы көшелерді жарықтандыруға жұмсалады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
«Көптеген ауқымды әңгімелер айтылды. Меніңше, мұның барлығы қала үшін маңызды мәселелер. Әкімдіктің негізгі бағыты түсінікті. Бақытжан Әбдірұлы өзі премьер-министр болды ғой, үкіметтің жұмысын біледі. Енді ол кісінің мол тәжірибесі біздің қаламыздың дамуына әсер етері сөзсіз», – деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман АЛШАНОВ.
«Маған қала орталығы мен шеткі аудандар арасындағы теңсіздікті жою мәселесі ұнады. Бұл – өте дұрыс бастама. Қаланың шетінде тұратын тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта болуы қажет», – деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Сергей ПОНОМАРЕВ.
Әкім денсаулық сақтау, тұрғын үймен қамту мәселелелеріне де көңіл бөлінетінін жеткізді. Яғни, қаланың әр тұрғынының шағымы қараусыз қалмайды. Бақытжан Сағынтаев Алматы әкімі болып тағайындалғалы бері алматылықтар оған әлеуметтік желі арқалы 10 мыңнан астам өтініш қалдырыпты. Енді ол өтініш-хаттар талданып, әрқайсына жауап берілмек. Сондай-ақ, шаһар басшысы қаланың шекарасындағы күрделі мәселелерді шешу үшін алдағы күндері Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен кездесетінін жеткізді.
Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы