Үш апта бойы ыстық сусыз отырған тұрғындар мәселесі қалай шешілмек

Almaty.tv
Almaty.tv
Наурызбай ауданының 300-ден астам тұрғыны арнамызға хабарласты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ыстық сусыз отырғанымызға 20 күннен асты. Наурызбай ауданының 300-ден астам тұрғыны осылай деп арнамызға хабарласты. Айтуынша, тастай суық суға балаларымызды шомылдыруға қорқамыз дейді. Оның үстіне коронавирус алқымнан алып тұрғанда, үлкен кісілер ауырып қала ма деп алаңдайды. Тұрғындарды жылы судан айырған кім? Мәселенің мән-жайын Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек анықтап көрді.

Наурызбай ауданы Қонаев көшесі, 1-үй тұрғындары мұздай суық суға шомылып жүргенімізге 3 аптадан асты дейді. Айтуынша, жылы су үшін ай сайын кешіктірмей ақшасын төлеп отырады. Алайда қаражат тиісті жеріне жетпеген. Оны тұрғындар жақында ғана біліпті.  

«Біздің үйге Шахнұр-1 атты пәтер иелері кооперативі қызмет етеді. Ал көгілдір отынды Тәуекел-Н компаниясы ұсынып отыр. Біз ақшаны ПИК-ке төлейміз, ал ол өз кезегінде тиісті мекемеге жеткізу керек. Алайда біздің компания алдындағы қарызымыз 4 миллион 700 мың теңгеге дейін өсіп кетіпті», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Ирина Яговцева.

Тұрғындар енді аталған ПИК-тен бас тартып, өздері мүлік иелерінің бірлестігін құрмақшы. Сөйтіп, газ беріп отырған компаниямен жаңа келісімшарт жасаймыз дейді. Алайда көгілдір отын тарататын мекеме Шахнұр-1 пәтер иелері кооперативінің қарызы толықтай қайтарылмайынша, келісімшарт жасалмайтынын мәлімдеді.

«Шахнұр-1 пәтер иелері кооперативі 2019 жылдан бері жылы суға ақша төлемеген. Осы күні қарыздың көлемі 5 миллион тенгеге жетіп қалды. Біз былтыр пандемия деп, сонымен қатар, қыстың күні ыстық суды өшірген жоқпыз. Шыдамның да шегі бар. Сондықтан біздің келесі қадамымыз - ПИК-пен соттасамыз. Сот арқылы ақшаны қайтарғаннан кейін, мүлік иелерімен келісім шарт жасаймыз. Өйткені қазіргі есептегіш құралдар сотта дәлел ретінде қолданылады», – деді газ тарату компаниясының өкілі  Әділбек Оралбеков.

Аудандық әкімдік бұл мәселеден құлағдар. Айтуынша, мұндай ішкі дауға жергілікті басқару органы араласа алмайды. Тек мүлік иелерінің бірлестігін құруға септесе алатынын жеткізді.

«Сұрақ сот арқылы шешіледі. Қаржылық сұраққа Наурызбай ауданының әкімдігі араласа алмайды. Бізде тұрғын үй қатынастарына өзгерістер енгізілгеніне байланысты ОСИ орысша, қазақша мүлік иелерінің бірлестігі соны құруды кеңес берген болатынбыз», – деді Наурызбай ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімі бас маманының міндетін атқарушы Фархат Жаңбыров.

Газ ұсынып отырған компания мен пәтер иелері кооперативінің арасындағы сот процессі қанша уақыт созылатыны белгісіз. Бір анығы, осы белгісіз мерзімде мына үйде тұратын 300-ден астам тұрғын ыстық сусыз отыруға мәжбүр. Ендігі шешім уақыттың еншісінде.

Өмір Әнуарбек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы  

Новости партнеров