|
29.07.2020 | 19:29
6574

Құрбан айт: Бас санитардың қаулысына сәйкес саудагерлер санитарлық нормаларды қатаң сақтауы қажет

Құрбан айт биыл 31 шілде мен 2 тамыз аралығына тұспа-тұс келіп тұр

Құрбан айт: Бас санитардың қаулысына сәйкес саудагерлер санитарлық нормаларды қатаң сақтауы қажет Аlmaty.tv

Мұсылман қауымның ең қасиетті мейрамы Құрбан айт биыл 31 шілде мен 2 тамыз аралығына тұспа-тұс келіп тұр. Алайда жаһандағы пандемияға байланысты біраз өзгерістердің енгені анық. Алматылықтар киелі мерекені қалай өткізбекші? Биыл мал басына сұраныс қандай? Тақырыпты әрі қарай Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.

Бас санитардың қаулысына сәйкес саудагерлер санитарлық нормаларды қатаң сақтауы қажет. Ал киелі мереке қарсаңында мал базары өзектілікке ие болып отыр. Заңнама бойынша Наурызбай ауданындағы мына қой сату орны тексерілді.

Мал базарындағы саудагерлерге алдымен карантин талаптары түсіндірілді. 31 шілдеден 2 маусымға дейін базарда, базар аумағынан бөлек орындарда да сауда жасауға болмайтыны да қатаң ескертілді.

«Полиция қызметкерлерімен, әкімшілік, барлық топпен келіп тексеріп жатырмыз мал базарын. Мал базарында санитарлық жағдайлардың барлығы дұрыс. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Арақашықтық сақталуда», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Бейбітгүл Сұлтанбаева.

Бас санитардың соңғы қаулысы бойынша Құрбан айт кезінде базарлар өз жұмысын тоқтатады. Тиісінше алматылықтар малды алдын-ала сатып алып жатыр.

БЛИЦ-1: Ешкімді шақырмаймыз. Өзімізде үш бөлік, бір бөлігін бір кісілерге, бір бөлігін бір кісілерге беріп жүргеніміз бар. Сол кісілерге береміз.

БЛИЦ-2: Қазақ болғаннан кейін, мұсылман болғаннан кейін құрбандық шалу керек. Алладан тілеу керек.

Қауіпті дерттің жайлағанынына байланысты мешіттерде құрбандық шалу, айт намазын оқу сынды шаралар өтпейді. Дін қызметкерлері де тұрғындардан мереке қарсаңындағы жиындарды тоқтата тұруды сұрап отыр.  

«Мешіттерде Құрбан айт намазы оқылмайды және құрбандық шалу рәсімдері өткізілмейді. Сондықтан біз мына карантиндік жағдайды сақтау мақсатында барлық жамағаттан, бауырларымыздан, аға-апаларымыздан, іні-қарындастарымыздың барлығынан да сұранарымыз, айт кезінде мүмкіндігінше үйлерінде екі рәкат намазды оқып, дұғасын, құлшылығын үйінде жасағаны абзал», – деді Алматы қаласы Орталық мешіттің бас имамы Еркінбей Шоқай.

Айта өтейік, биыл үй-үйді аралап айттауға да тыйым салынған. Ұлық мейрамда мамандар карантин талаптарын сақтау заңмен қадағаланатынын ескертеді.

Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир