Екі қолға бір күрек таппай жүргендер базарда қара жұмысқа жегіліп, табыс тауып жүр. Көбісінің қос-қостан қолында дипломы бар. Соған қарамастан жан бағу үшін осылай күн кешуге мәжбүр. Ал, жұмыс беруші компаниялар тәжірибесі жоқ жастарды үнемі кеудесінен қағатын көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ержан Сайдаев қолында қос дипломы бола тұра, жұмыссыз. Мамандығы бойынша мектепте тарих пәнінен сабақ беруі керек. Алайда, «ақша мен танысым болмаған соң мамандықпен жұмыс таба алмадым» дейді ол. Жоғары білімін растайтын құжатын құшақтап талай мекеменің де есігін қаққан.
«Жұмыс іздеп, көп жерге бардық. Бірақ тәжірибе болмағандықтан, алмай жібереді. Міне 5 жылдан бері базар жағалап, жұмыс істеп жүрміз. Бір емес, екі дипломым үйде жатыр өкінішке қарай», – дейді Ержан САЙДАЕВ.
«Оқу бітірген соң бір емес, бірнеше мекемеге бардық. Бірақ тәжірибе сұрайды көп жерде. Жаңадан оқу бітірген адамда тәжірибе қайдан болсын. Сондықтан амал жоқ міне базарда жүрміз. Жан бағу керек, күн көру керек. Қазір барлық нәрсе қымбат. Жалғыз мен емес, жастардың барлығы базарда», – деді Омар ЖАЛҒАБАЕВ.
Жасұлан Әбілбаев жоғары оқу орнын биыл ғана бітірген. Қолына қуана дипломын алған жас маман бірнеше жердің табалдырығын тоздырып үлгеріпті. Қалағаны болмаған соң, байланысшы мамандығын бітірген жігіт жеке компанияға жұмысқа тұрған. Алайда, тауып жатқан нәпақасы жеткіліксіз болғандықтан, екінші жұмыс іздеуге тура келген. Енді арасында жалданып қара жұмыс істейді.
«Әсіресе сауда дүкендері жалдамалы жұмысқа көп алады. Күнделікті табыс табасың, бірақ зейнетақы қорыңа ақша түспейді. Менің екінші жұмысым сондай, жалдамалы жұмыс. Күн көру керек болған соң, амал жоқ жүрміз», – деді Жасұлан ӘБІЛБАЕВ.
23 жастағы Мұрат Ерсайов та 4 жыл білім алып, университетті осы жылы тәмамдаған. Білдей заңгер қазір сатушы-кеңесші болып жұмыс істейді.
«Заңгер мамандығы бойынша қазір жұбыс табу қиын. Оған тәжірибе керек. Ал менде практика да болған жоқ», – дейді Мұрат ЕРСАЙОВ.
«Каспий қоғамдық университетін биыл тәмамдадым. Мамандығым – заңгер. Бірақ қазір мамандық бойынша емес, Түрік компаниясында жұмыс істеп жатырмын. Өз салам бойынша жұмыс істеуге құлқым жоқ», – деді Марлен МЕЙІРБЕКОВ.
Ал, Алматыдағы Жастар үйінде жетімдер үйінен шыққан балалар мен интернат түлектері 29 жасқа толғанша тұрып жұмыс істей алады. Бұл, енді ғана еңбекпен қамтылған жастардың әлеуметтік жағдайы дұрысталғанша баспана мәселесін шешу үшін жасалған. Осыдан 14 жыл бұрын ашылған орталықтың арқасында біраз жастар қаражат жинап үлгереді.
«23-ке толғаннан кейін кейбіреулер оқуға түсіп жатыр. 23-тен осы аумақта 5 қабатты ғимаратымыз бар. Ол жерде 23 пен 29 жас аралығындағы жұмыс істейтін жұмысшы жасөспірімдер тұрады», – дейді «Әлеуметтік мекемелердің түлектерін бейімдеу және қолдау орталығы «Жастар үйі» директорының міндетін атқарушы Дархан ӘЖІБЕКОВ.
«Жастар үйі» орталығына жасөспірімдер 16 жастан бастап қабылданады. Бұл жерде олар баспанамен ғана қамтылып қоймай, білім алуына да мүмкіндік жасалады. Қазір мұнда 214 ұл-қыз бар.
Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы