Қазақстанда 5 миллион гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды

18.01.2023 00:29

Қазір 1,8 миллион гектарын шаруалар игеріп жатыр

Almaty.tv

Қазақстанда пайдаланылмай жатқан 5 миллион гектардан астам жер мемлекетке қайтарылса да, елдің 15 өңірінде жайылым жер тапшы. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, мал жаюға жердің жетіспеушілігі әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облысында байқалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондықтан мемлекет тарапынан бос жатқан жерлерді қайтару биыл да қарқынды жалғасады екен. Ал елді мекендерде инфрақұрылым мен ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға 143 миллиард теңгеге бір жарым мың жоба жүзеге асыру көзделіпті. Толығырақ Өмір Серікбекұлы тарқатсын.

Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі былтырғы жылды қорытындылады. Айтуынша, 2022 жылы пайдаланылмай жатқан 5,2 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылыпты. Қазір оның 1,8 миллион гектарын шаруалар игеріп жатыр. Ведомства басшысының сөзінше, биыл тағы 5 миллион гектар жер қайтарылады. Ал мұндай аумақтар туралы ақпарат jerkarta.gharysh.kz геосервисінен білуге болады. Яғни, олардың қандай қожалықтарға тиесілі болғанын көре аласыз. Қазір жерді жалға алған шаруаларды тексеріп жатыр. Алдымен, қожалықтарда тіркелген мал санын есептейді. Егер мал саны аз, жердің көлемі үлкен болса, шаруа иесіне артық жерді мемлекетке қайтару ұсынылады.

«Екінші жолы заңға қайшы жолдармен берілген фактілер анықталатын болса, онда ол жерді де міндетті түрде қайтарамыз. Бірінші жолы жер иесі өзі қайтаруы мүмкін. Жер инспекторы хабарласып, «жеріңіз заңсыз берілді» дегенде, өз еркімен қайтаруы мүмкін», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Ал Ұлттық экономика министрі ауылдарды дамыту үшін 143 миллиард теңге жұмсалатынын айтты. Мәселен, әуелде айтылған 143 миллиард теңге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 119 жобаны, әлеуметтік инфрақұрылымның 275, 139 мәдениет және спорт саласындағы жобаны іске асыруға және ауылішілік жолдарды жақсартуға жұмсалады екен. Ал Әлібек Қуантыровтың айтуынша, шалғайдағы тұрғын саны тым аз ауылдарға мұндай қаражат құю тиімсіз. Тұрғыны 50 адамға жетер-жетпес ауыл саны еліміз бойынша мыңға жуықтайды.

«Кейбір ауыл тұрғындарын инфрақұрылымы дамыған елді мекендерге көшіру қарастырылған. Ал енді біріндегі оқушыларды автобуспен тасу көзделген. Осылайша, тұрғыны аз ауылдардағы мәселені шешіледі. Себебі шеткі аймақтардағы ауылға қымбат жол төсеу тиімсіз болады. Одан да жақын маңдағы аурухананы сапалы етіп салып, қасындағы ауыл тұрғындарының жақсы медициналық мекемеде ем алғаны дұрыс деп есептеймін», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров

Баяндамаларды тыңдаған Үкімет басшысы «Ұлытау және Батыс Қазақстан облысында қаржыны игеру және жобаларды іске қосу деңгейі төмен» деді. Аталған өңір әкімдері «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға ерекше назар аударуы тиіс. Ал өңір әкімдері жерді пайдалану процестеріне бақылауды күшейтіп, облыстар мен аудандар бойынша жерді қайтару жөніндегі жоспардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана