Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім қабылдау басталды. Ал биыл бағдарламаны қаржыландыру ұлғаймақ, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Түрксіб ауданындағы бұл алаң өткен жылы ғана бос жатқан еді. Шөп-шалаң өсіп, қараусыз қалған. Ал қазір балалар мен аудан тұрғындарының игілігіне жарап тұр. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында ойын алаңдары салынып, айнала толық абаттандырылыпты. Аудан тұрғыны, яғни автордың айтуынша, ең қиыны эскизін сызу болыпты.
«Бұл жер қамысқа толы болатын. Одан бөлек ол жанып, әуре-сарсаңға түсетін едік. «Халық қатысатын бюджетке» өтінім жіберіп, былтыр осындай алаңға қол жеткіздік. Көршілермен ақылдасып, балалар ойнайтын алаң керек деп шештік. Күнделікті айналысып жүрмегендіктен эскизін жасағанда сәл қиналғанымыз рас», – деді жоба авторы Александр Блинов.
Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында ауданда барлық жоспарланған 28 жоба яки 100 пайыз орындалған. Атап айтсақ, 14 жер абаттандырылып, 10 балалар және спорт алаңы, 4 тереңдетілген контейнер алаңы жасалған. Сонымен қатар бағдарлама аясында Хмельницкий көшесіндегі саябақ жөнделді, Түрксіб ауданына кіре берістегі бос учаскелер абаттандырылған.
«2022 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы Кондратович көшесінің тұрғындары осы қараусыз тұрған алаңды абаттандыруға ұсыныс білдірген болатын. Сол жылы бұл ұсыныс назарға алынып, жоба іске асты», – деді Түрксіб аудандық көріктендіру бөлімінің басшысы Сәкен Баясыл.
«Халық қатысатын бюджет» бойынша консультацияны Алматы қаласының аудандық әкімдіктерінен, сондай-ақ Алматы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесінен алуға болады. Қалалық бағдарлама аясында тек жаңадан алаңқайлар мен футбол алаңдарын салу ғана жүргізілмейді. Сондай-ақ көптен жөндеу көрмей, қараусыз қалған аулаларға күрделі жұмыс та жасалады.