Шымкенттегі Сым шығаратын зауыт жұмысшылары заңсыз еңбек миграциясына шағымданып отыр. Айтуларынша, үйреншікті атқарып жүрген жұмыстарын қытайлық өндіріс ошағының басшылығы арзанқол келімсектерге істетіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сол себептен еңбекақымыздан қағылдық дейді. Амалы қалмаған жұмысшылар түн ортасында зауытқа жиналып, тәртіп сақшылары мен прокуратура мамандарын шақыртқан.
«Келісім-шартта 71 мың теңге ма? Айлық 60 мың деп көрсетілген. Бірақ келісім-шарт бойынша жұмыс істемейді. Біз жұмыс ауқымына қарай айлық аламыз. Бұл салықтан жалтарудың амалы», – деді жұмысшылардың бірі.
Зауыт жұмысшысы Шыңғыс Аралбаев соңғы кездері демалыс тым көбейіп кеткенін айтады. Сәйкесінше жұмыс күні азайған сайын, нәпақамыздан қағыламыз дейді. Айтуынша, басшылық келісімшарттағы уәдесін орындамай отыр.
«Демалған, сым болмай қалған кездері немес электр қуаты өшіп қалатын жағдайда демаласыңдар, бірақ сол күндеріңе ақша жүреді деп айтқан. Енді келіп ондайды кім айтты сендерге деп отыр», – дейді зауыт жұмысшысы Шыңғыс АРАЛБАЕВ.
Базынасын айтып, ашынған жұмысшылар түн ортасында өндіріс ошағына келді. Айтуларынша, олардың үйреншікті атқарып жүрген жұмыстарын қытайлық зауыт басшылығы түн жарымда арзанқол келімсектерге істетіп отырады. Бұған прокуратура өкілдері мен көші-қон полициясының қызметкерлері де келіп көз жеткізді. Олар зауыттың түрлі тесігіне тығылған келімсектерді іздеді.
Түнгі қуғын нәтижесінде көші-қон полициясы Шымкентте құжатсыз жүрген 11 азаматты ұстады. Олардың 8-і Қытай және 3-еуі Өзбекстан азаматы. Жиналған келімсектерді полиция өкілдері тергеп-тексеру үшін алып кетті.
Бұдан бөлек, зауыт жұмысшылары өндіріс ошағының жетекшілігі тамаққа берілетін талондарын да бермей қойғанын айтып шағымдануда. Бұған жұмыс ауқымы болмағанын желеу етіп отырған көрінеді.