Қаңтар оқиғасында Алматы облысының 654 полиция қызметкері зардап шекті. Мысалы Ернар Қапанов аяғын әзер басып, бүгінде үйінен алыс кете алмайды. Себебі оның оң аяғына оқ тиген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іле аудандық учаскелік полиция қызметкері Ернар 6 қаңтарда тәртіп күзетуге шыққан. Түнгі сағат 23.00 шамасында белгісіз біреулер оған оқ жаудырған. Соның салдарынан тәртіп сақшысы жараланып, ауруханаға жеткізілген.
«Патруль барысында 2 автокөлікті байқап, сол көліктерді барып тексерейін деп ойлағанмын. Сол сәтте машина ішінен белгісіз азамат шығып, тапаншасымен оқ жаудырды. Ол азамат жай киіммен жүрді. Басына капюшон киген. Алыстан байқадым, түрін көрмедім. Олар белгісіз бағытта кетіп қалды», - дейді Іле аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Ернар Қапанов.
Полиция қызметкеріне ұшқан оқтар көліктің бірнеше жерін тесіп өткен. Мысалы, артқы отырғышта 2 оқтың ізі қалыпты. Соған қарағанда қаскөйлер бір рет атумен тоқтап қалмаған.
Ернар Қапанов қызметіне 2018 жылы кірскен. Елең-алаңда жараланған сәтте екінші сәбиі дүние есігін ашыпты. Полиция қызметкерінің жары Айым сол күндерде Ернар үшін қатты алаңдағанын айтты.
«Босанғаннан кейін күйеуіме хабарлассам, тұтқаны басқа біреу алып, «Күйеуіңіз операция залында» деді. Сол кезде мен қатты стресс алдым. Қазір айтқанға оңай ғой, бірақ сол кезде қатты алаңдадым», - дейді Е. Қапановтың жары Айым Қапанова.
Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен Алматы облысының 12 полиция қызметкері ем қабылдап жатыр. Оқ тиген 1 тәртіп сақшысы 9 қаңтарда мерт болды. Бұл – облыстық полиция департаменті берген мәлімет.
Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы