Жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан: Қыс басталғалы сырғанақтан жарақат алғандар жиіледі

22.12.2020 в 00:30

Қыс келіп, күн суытқанда бала ермегі – сырғанақ тебу

Қыс басталғалы сырғанақтан жарақат алғандар жиіледі. Қарағанды облысында әйел адам омыртқасын сындырып, қазір ауруханада жатыр. Күні кеше ғана Петропавлда сырғанақ теуіп жүріп, ағашқа соғылған бойжеткен жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Рұқсат етілмеген жерлерге сырғанауға барғандардың саны неліктен көбейіп кетті? Жұртшылықтың қауіпсіздігіне кім жауапты? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Қыс келіп, күн суытқанда бала ермегі – сырғанақ тебу. Осындай бір оқиға күні кеше Алматы облысында 10 жасар қыздың өлімімен аяқталды. Бала рұқсат етілмеген орында сырғанаған. Соған қарамастан, жарақат алушылардың саны азаяр емес. Алматыдағы осындай  орындарға да қала жұртшылығы ағылып келіп жатады. Олар биіктіктен сырғанауға тіпті балаларын да алып барып, олардың басын қатерге тігеді.

Міне, осындай рұқсат етілмеген сырғанақтарда жарақат алу ықтималдығы жоғары. Кәдімгі төбешіктер, биік жтадан зырғығандар бірі-біріне соқтығысып, тіпті ауруханалардан бір-ақ шығатыны да бар. Мұнда адам өмірінің қауіпсіздігіне ешкім жауап бермейді. Сондықтан ойын сауықты қауіпсіз сырғанақта құрған жөн дейді әкімдіктегілер.

«Өздері барып сырғанайтын жарлар қауіпті не дегенмен. Мен өзім де өткен жылы барғанмын балалармен. Бір-екі рет қолдарын сындырып, бастарын шақыстырған адамдарды көрдік. Ол жер ойлы-қырлы ғой, былай айтқанда, күшпен келе жатып, өзіміз де жарақат алғанбыз. Ал мына жердің ашылғанына қуаныштымыз. Онша қымбат емес, бірақ қауіпсіздік жағы қарастырылған», – деді Нұркент шағын ауданы өзін-өзі басқару комитетінің төрайымы Жадыра Ережепова.

Алатау ауданында қазір заңды жұмыс істеп тұрған бір ғана сырғанақ бар. Жуырда ашылғанына қарамастан, мұндағы жергілікті тұрғындар бұл жерге көптеп келетін көрінеді. Халыққа бағасы қолжетімді сырғанақтың ашылғанына аудан тұрғындары риза болып жатыр.

«Қазір балалаға жақсы болды осы жер. Алысқа бармаймыз. Барлық қауіпсіздік шаралары сақталған», – деді Алатау ауданының тұрғыны Оразгүл Генжиева.

Алматы Аренаның жанынан ашылған жаңа сырғанақта барлық техникалық қауіпсіздік сақталған. Сырғанайтын баллонды жоғарыға көтеріп тұратын механизм, берік қоршаулар, балалардың қауіпсіздігі үшін арнайы тратуар, бәрі-бәрі қарастырылған екен.

«Күнделікті сағат сайын бізде техникалық үзіліс бар. Соған 10 минут үзілісте  бәрін қарап тұрамыыз. Механизм, трос, көтерілетін тоқ, жарық, бәрін тексеріп отырамыз», – деді «Алматы Арена», «Халық Арена» спорт кешендерінің техника қауіпсіздігінің инженері Ерлан Жидебаев.  

Жарақаттың жиілігі мереке мен демалыс күндерінің қатар келуіне де байланысты болады. Өйткені дәл осы уақытта сырғанақтағы адамдар саны еселеп артады. Биік сырғанақта бір-біріне соқтығысқан балаларда сіңірдің созылуы, бас ми жарақаты және сүйектердің сынуы сияқты жағдайлар жиі кездеседі дейді дәрігерлер. Осыған байланысты ақ халаттылар, ең алдымен әр адам өз қауіпсіздігіне өзі жауапты екенін ұмытпау керектігін ескертеді.

Сая Меңдеке, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» арнасы