Алматыда 2 мың көпбалалы отбасына тұрғын үй сертификаты беріледі

18.02.2021 00:31

Жалпы қалада 27 мың адам баспана алу кезегінде тұр

Almaty.tv

Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындары алдында есеп берді. 4 сағаттан көп уақытқа созылған онлайн шарада мыңнан аса сұрақ келіп түскен. Мегаполис азаматтары сұрақ қою үшін қалада арнайы зум орындар қарастырылды. Тікелей эфир телефоны мен әлеуметтік желілер арқылы да сауалдар легі тоқтамады. Әріптесім Өмір Әнуарбек Опен Алматы қоғамдық кеңсесінде болып, операторлардың жұмысын көрген еді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі өзі баяндап берсін.

Open Almaty ашық кеңсесі жұмысын таңғы 09.00-дан бастады. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халыққа есеп беру эфирі кезінде мұнда 300-ден астам алматылық хабарласты. Колл орталық операторлары әр қоңырауға жылдам жауап беріп жатқанын байқадық.

Open Almaty ашық кеңсесінде 17 оператор жұмыс істеуде. Мұндағы мамандардың міндеті тұрғындар тарапынан келіп түскен сұрақты қабылдап оны жауапты мекемеге жөнелту. Жөнелтіп қана қоймай сол сұраққа жауап берілуін осы монитор арқылы бақылайды. Open Almaty басшылығы 1308 нөміріне келіп түскен әрбір арыз-шағым, сауал, ұсыныстың барлығы әкімдік тарапынан ескерусіз қалмайды дейді.

«Салыстырсақ, әртүрлі сұрақтар түсіп жатыр. Олардың арасынан ең көпшілігі ол әлеуметтік көмек, жол жөндеу жұмыстары және де коммуналдық сұрақтар бойынша өте көп мәселелер түсіп жатыр», – деді Open Almаty қоғамдық қабылдау кеңсесінің кеңесшісі Камила Ғалымова.

Есеп беру эфирі кезінде 1308 нөміріне қоңырау шалғандар көп болды. Түрлі салаға қатысты сауалдар жолданды. Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев әр біріне тереңірек тоқталып, мәселенің шешілу жолын айтқаннан кейін болашаққа деген жоспарымен бөлісті. Мәселен, жұмыспен қамту және пандемия жағдайындағы қиындықтар мен шектеу шараларының нәтижелері туралы сұраққа мегаполис әкімі былай жауап қатты.

«2020 жылы қалада 78 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында 50 мыңға тарта адам екі қолға бір күрек тапты. Ал биыл Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру жалғасуда, жаңа жұмыс орындарын құру жоспары шамамен 50 мың. Оның 30 мыңы тұрақты», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Онлайн өткен шарада мүмкіндігі шектеулі жандардың және көп балалы отбасылардың баспаналы болуы жайлы айтылды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев үй кезегін тездетіп жылжыту мәселесі қалай шешіліп жатқанымен бөлісті. Жалпы қалада 27 мың адам баспана алу кезегінде тұр. Оның  12 мыңы тұрмысы төмен және көпбалалы жанұя екен.

«Енді біз бұл жағдайда кезекті жылдамдату бағыты бойынша жасап отырған жұмысымыз биыл бюджетке кіргіздік. Көпбалалы аналарға тұрғын үй сертификатын беру», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Яғни, көп балалы аналар тұрғын үйді отбасылық банк арқылы сатып алатын болса, бұл бағытқа бюджеттен 2 миллиард теңге қарастырылған. Нәтижесінде 2 мың отбасы осындай көмек алмақ. Жалпы, 4 сағаттан астам уақытқа созылған есептік кездесуде 8 ауданда орналасқан зум бөлмелер арқылы, тікелей эфтр телефоны, ватсап мессенджері, Open Almaty қоғамдық қабылдау кеңсесі және әлеуметтік желілер мен ватсап мессенджерге 1 мыңнан астам сұрақ келіп түсті. Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев тікелей эфирде 70-ке жуығына жауап берді.

Өмір Әнуарбек, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы