Қазір елімізде ауыл тұрғындары әлеуметтік тұрғыдан ең нашар жағдайда қалып отыр
Ірі аграрлық компаниялар ауылды қайта түлетуге атсалысуы керек. Сенатор Ақылбек Күрішбаев өзінің депутаттық сауалында Үкіметтің ауыл проблемаларын шешу жөніндегі жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, қазір елімізде ауыл тұрғындары әлеуметтік ең нашар жағдайда қалып отыр. Оның үстіне, олардың көпшілігі статистиканың салыстырмалы түрде жақсы көрсеткіштеріне қарамастан, «шын мәнінде, күн көруге» ғана мәжбүр. Жұмыссыздық салдары тағы бір проблеманы туғызып отырғанын айтып, бүгінде ауыл халқының қалаларға кету динамикасының артып отырғанын тілге тиек етті.
«Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдардан қалаға көшуді қалайды. Әрине, урбанизацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны басқару керек қой. Ауылдардан бір сәтте халықтың жаппай көші-қоны басталса, біздің қалаларымызда не болмақ? Егер ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін ешкім қалмаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Шекаралас аудандар қалай қорғалмақ?», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.
Ал сенатор Мұхтар Жұмағазиев Жаңа Қазақстан құрудағы өзекті проблемалардың бірі ретінде Президент атаған мәселені көтерді. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында жеңіл көліктердің кәдеге жарату алымының мөлшері 400 мың теңгеден 3 жарым млн теңгеге дейін, ал жүк көлігі мен ауыл шаруашылығы техникасына 14 млн теңгеге жететінін айтты. Бұл шетелден импортталатын, сондай-ақ Қазақстанда өндірілетін ауыл шаруашылығы техникасының айтарлықтай қымбаттатқан.
«Кәдеге жарату алымы іс жүзінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қосымша салыққа айналды. Техниканы әкелу кезінде фермерге техника құнының 25-30 пайызына тең сомада бастапқы жарнаны және кәдеге жарату алымын төлеуге тура келеді. Мәселен, тракторлар бойынша орташа алым мөлшерлемесі 11 млн теңгеге дейін, ал комбайндар бойынша әр данасына 22 млн теңгеге дейін жетеді, бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қосымша қаржы жүктемесі болып отыр», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиев.