Елімізде жеке деректі сақтау мақсатында жауапкершілік артпақ

04.06.2024 в 00:32

Наурызда 2 миллион қазақстандықтың дербес дерегі таралып кеткен

Almaty.tv

Елімізде жеке деректердің сақталуы мен қорғалуын қадағалау мақсатында жауапкершілік күшейе түспек. Енді әкімшілік айыппұлдың құны 110 мыңнан 11 миллион теңгеге дейін өседі. Яғни, үш есеге артады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жеке деректері тарап кеткендіктен ыңғайсыз жайтқа тап болғандардың бірі – алматылық тұрғын Марина. Оның өтінішімен кейіпкердің атын өзгертіп, бет-әлпетін көрсетпеуді жөн көрдік. Оның сөзінше, жақында коллекторлар шабуыл жасаған. Алаяқтар тұрғынның жеке мәліметтері мен байланыс нөмірін, сондай-ақ таныстары мен туыстары жайлы да ақпаратты біліп алған.  

– Олар 35 жыл бұрын мектепте бірге оқыған сыныптастарыма хабарласып, ақша қарыз екенімді айтқан. Кейін жақындарым мен туыстарыма қоңырау шалған. Менің абырой-беделіме нұқсан келтірді. Себебі мен ешкімнен ешқашан қарыз алып көрмедім, – деді қала тұрғыны Марина.

Бұл жағдайдан кейін тұрғын прокуратураға жүгінген. Министрліктің дерегіне сүйенсек, соңғы уақытта ел ішінде хакерлік шабуыл жиілепті. Олардың қатарында халықаралық топтар көш бастап тұр. Жекелеген адамдардан бөлек, ұйымдар да алаяқтардың құрбанына айналып жатыр. Осыған орай, алматылық компаниялар арнайы мамандардың көмегіне жүгініп, киберқауіпсіздікке көбірек мән бере бастаған.  

– Біз ақпараттық қауіпсіздікті қадағалаумен айналысамыз. Тапсырыс берушіге тиесілі инфрақұрылымды орталыққа қосып, оның ақпараттық қауіпсіздігін тәулік бойы бақылай аламыз. Жеке деректердің басқалардың қолына өтіп кетпеуін қада,алаймыз, – деді Жедел ақпараттық қауіпсіздік орталығының басшысы Александр Пушкин.

Жеке деректер таралып кеткен жағдайда, компания жауапты органдарды хабардар етуге міндетті. Сондай-ақ мәліметтері жария болған тұрғындарға да хабар берілуі тиіс. Ал ел азаматтары өз кезегінде кибертазалықты сақтауы керек. Мамандар күдікті сілтемелерді ашпауға, онлайн сауалнамалар мен тесттерді толтырмауға, әлеуметтік желіде фото, видео, аудионы мейілінше азырақ жариялауға кеңес берді.

– Онлайн сауда жасау үшін қосымша төлем картасын пайдаланған жөн. Кез келген банкке барып,  негізгі төлем жасайтын, депозит құятын картаңызбен еш байланыспайтын жаңа шот ашып алуыңызға болады. Айына 30 мың теңгеге сауда жасасаңыз, соған сай шектеу де қоя аласыз, – деді киберқауіпсіздік бойынша сарапшы Евгений Питолин.  

Мамандар әр түрлі платформаларды пайдаланғанда әрдайым күрделі және бір-біріне ұқсамайтын құпиясөздерді қолданудың маңызды екенін ескертеді. Есте сақтау қиындық тудырса, құпиясөздерді басқара алатын арнайы бағдарламаларға жүгінген жөн. Ал жауапты департамент өкілдері жеке деректер жөніндегі заңнаманы бұзғандарға жауапкершілікті күшейтетінін хабарлады.

– Біз әкімшілік айыппұл мөлшерін 3 есеге көтермекпіз. Бұрын жеке деректерді бұзғаны үшін 10-нан 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылса, енді бұл көрсеткіш 30-дан 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі, – деді ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің бас сарапшысы Ырысты Жалилханова.

Еске салайық, наурызда 2 миллион қазақстандықтың дербес дерегі таралып кеткен. Олардың барлығы микроқаржы ұйымының клиенттері болып шықты. Сондай-ақ биыл ел тұрғындарының жеке дерегі, Қытай асып кеткен. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы олқылықтарға байланысты заңбұзушылықты жою туралы шешім шығарылып, айыппұл салынды.  

Рүстем Айткәрім, Мадина Исюмбаева, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы полициясы алаяқтардың жалған хабарламаcын жария етті