Елімізде несие алатындар азайған

11.06.2022 00:32

Екінші деңгейлі банктердің қарыз беру капиталы 0,6 пайызға төмендеген

Almaty.tv

Елімізде несие алатындар азайған. Ранкинг.кз-тің статистикасына сүйенсек екінші деңгейлі банктердің қарыз беру капиталы 127 миллиард теңгеге, яғни 0,6 пайызға төмендеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


 Сәйкесінше банкке депозит салып сақтайтын азаматтардың қатары да 2 пайызға бәсеңдепті. Мамыр айының көрсеткіштері бойынша жеке тұлғалардың салымы 12 триллионнан асқан. Бірақ бұл соңғы екі аймен салыстырғанда 280 млрд теңгеге аз. Жалпы бұл процестер еліміздің экономикасына қалай әсер етеді?

«Жалпы бұл үрдіске себеп  болушы негізгі факторлардың бірі Ресей мен Украина арасында болған жағдай. Динамикаға қарайтын болсақ қаңтар айынан бері төмендеген. Ең негізгі факторлардың бірі бұл Ресей мен Украина арасында болған жағдаяттар. Әрине, кей кездерде оны қаңтар оқиғасымен де байланыстырып жатады. Сол себепті көптеген банктер өздерінің тәуекелін төмендету барысында сенімді түрде несие беруге тартыншақтаған болатын. Ол нәрсені де ескерген жөн. Жалпы мемлекетімізді алатын болсақ біздегі азаматтарымыздың несиесі барынша аз болғаны дұрыс. Өйткені біз көбіне банк секторы дамыды деген сияқты статистикаға сүйенбеу керекпіз. Бұл жерде басты назар аударатын нәрсе ол халқымыздың бақуаттылығы. Қаржының заңдылықтарына сүйенетін болсақ егер де азаматтардың несиелері көп болған сайын олардың бай-қуатты болуына деген ықтималдық төмендей түседі. Сол себепті мемлекеттік деңгейде бізге тиімсіз», – деді қаржыгер Жалғасбек Ақболат.

Сондай-ақ жеке тұлғалардың депозитке ақша салуы төмендепті.

«Өйткені бұл мәселе Ресей мен Украина арасында болған жағдайларға, алғашқы 24 ақпанда соғыс басталған кезде бүкіл әлем дүрлікті. Оның ішінде Қазақстан да бар. Біз білеміз бүкіл санкциялар жарияланған кезде ресейдің рубльі де, теңге де түсіп кетті. Әлемдік нарықта долларға қатысты бағамы өте қатты өсіп кетті. Тіпті, 520 теңгеге көтерілді. Азаматтардың арасында өзіміздің сақтап отырған теңгеміздің құнын жоғалтып аламыз ба деген секілді ажиотаж пайда болды. Осы сәттен бастап азаматтарымыз депозиттегі шоттарынан теңгелерін алып долларға айырбастаған болатын. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Депозиттегі сомалардың азаюына негізгі түрткі болған жағдай осы деп айтар едім. Бұл жерде теңгеге деген сенімсіздік. Біз енді айта алмаймыз ғой халықтың жағдайы нашарлап қалды деп. Бұл – мемлекетімізге, теңгемізге дейтін сенімсіздік белгісі», – деді  қаржыгер Жалғасбек Ақболат.