Петропавлдың ветеринарлық стансасы 290 мың 640 теңгеге бес құты у сатып алып, қанғыбас жануарлармен күреспек. Билік өкілдері Қазақстанда шығарылмайтын бұл препаратты Ресейден алмақшы. Ал, тұрғындар болса, шенеуніктердің бұл шешіміне қарсы, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өткен жылдың қазан айында облыстың ветеринария қызметі қанғыбас ит және мысықтармен күресу үшін адилин-супер деп аталатын улы зат сатып алған еді. Ал биыл мемлекеттік орган бес бірдей құтыға тапсырыс беріпті. Тұрғындар болса, тірі жанды улап өлтіру адамгершілікке жатпайды. Оның үстіне үй жануарлары да уланып қала ма деп алаңдаулы.
Блиц:
- Мен бұған қарсымын, себебі жануарлар көбінесе ешкімге тиіспей, өз бетінше жүре береді. Ал, адамға шабуыл жасаған иттерді аулауға, зарарсыздандыруға болады. Менінше, жануарларды дәл осындай жолмен өлтіру адамгершілікке жатпайды.
- Мен жануарларды қатты аяймын. Оларды өлтіруге қарсымын.
- Әрине, жануарларды қатты аяймын. Одан да приюттар ашса, жақсы болар еді.
Ветеринар мамандар болса, бұл шара үйсіз жануарлардың адамдарға түрлі инфекция таратуына тосқауыл қойып, құтыру сырқатының алдын алады дегенді алға тартып отыр. Одан бөлек Петропавлда қанғыбас ит-мысықтарға арналған питомниктер ашу жоспарланыпты.
«Өтініш күн сайын келіп тұрады. Біз полиция қызметкерлеріне алдын-ала хабарласып, сол жерге келеміз де, жануарларды жансыздандырамыз. Ол үшін біз аделин препаратын қолданамыз. Бұл препарат ҚР реестрінде ветеринарлық препарат ретінде тіркелмеген, сондықтан біз оны Ресейден сатып аламыз. Бұл жыл сайын өткізілетін жұмыс. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді қалалық ветеринарлық станса директоры Сырғабек Байжанов.
Естеріңізге сала кетейік, адилин-супер – арнайы ұнтақ. Оның көмегімен мамандар пневматикалық мылтықты жүктейтін қоспаны әзірлейді. Улы оқ қанғыбас ит пен мысыққа тиген кезде, жануар сол жерде бірден жан тапсырады.
Диана Есім, Қуаныш Әлтенов, «Алматы» арнасы