Алматыдағы субұрқақта болған төтенше жағдайға қатысты арнайы комиссия құрылып, сараптама жұмыстары басталды. Оқыс оқиғаның неден және қалай болғаны қазір анықталып жатыр. Сұмдық жайт, өткен сенбіде Мемлекеттік цирк алдындағы фонтанда болған еді. Субұрқақта шомылып жүрген екі кішкентай қызды, артынша анасын тоқ ұрған. Қазір олардың жағдайы қалай? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтады.
Көпшілікті алаңдатқан оқиға дәл осы субұрқақта болған. Бастапқыда мектеп жасындағы екі кішкентай қыз судың ортасында ойнап жүріпті. Кейіннен фонтан астындағы қуаты 220 вольт болатын тоқ балаларды әп-сәтте соққан. Орындықта отырған анасы баласын құтқармақ болып, бірден субұраққа жүгірген. Анасын да тоқ соққаннан кейін әрекет жасай алмаған.
Екі қыз тоқ соққанда су ортасындағы темірге жабысып қалған. Оларды шығарамын деп барған анасы да тоққа түсіпті. Бірден көмекке жүгірген 19 жасар Абылай Балапанов ештеңеге қарамастан, құтқаруға кіріскен.
«Бір кезде фонтан қосылған кезде кішкентай қыздың денесі былай тырсиды ғой, тоқ берген кезде, шошыдым да, бірден суға түстім. Енді мамасын судан шығарайын десем, мені де тоқ ұрды. Аяқтан беліме дейін. Тартып шығарған кезде екі бала көмектесі маған тағы да. Мамасын шығардық та кафельге қойдық. Анда қыз жатыр тоқ ұрып жатыр. Күттім, фонтанның таймингі бар қосылатын, өшетін. Енді барып ұстай беріп едім, тоқ қатты болды да, суға құлап түстім», – деді куәгер Абылай Балапанов.
Оқыс оқиғадан үш адам зардап шекті. Оның екеуі мектеп жасындағы қыз бала болса, енді бірі 28 жасар келіншек. Алдын-ала мәліметтерге сәйкес, біреуі сол әйелдің өз баласы, ал, екіншісі жақын туысы екен. Әйел адам қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Дәрігерлер жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.
«Екі баламыз, қызымыз біреуі 10 жаста, оның жағдайы орта деңгейде. Кеше жансақтау бөлімінен шықты. Екінші қызымыз 8 жаста. Ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Бүгінгі жағдайын бақылып қараймыз, жақсы болатын болса, ертең бөлімге ауыстырамыз. Қазіргі уақытта қандай көмек керек, барлығы көрсетіліп жатыр. Жағдай біздің бақылауымызда», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали.
Мемлекеттік цирк алдындағы субұрқақтың қауіпсіздігіне «Эко-Алматы» мердігер өкілдері жауапты. Айтуынша, оқыс оқиға болмай тұрып, бір сағат бұрын техникалық қауіпсіздігі толық тексерілген. Ол кезде ешқандай ақау белгілері байқалмаған. Төтенше жағдай болған уақытта фонтанға жауапты қызметкер жолдың арғы бетіндегі басқа субұрқақты тексеруге кетіпті.
«Бүгінде қала аумағында 150 субұрқақ бар. Оның 46-сы қала әкімдігінің қарауында. Ескере кететін жайт, қазіргі фонтандар заманауи талапқа байланысты құрастырылғандықтан, су астында бірнеше насос пен кабельдер орналасқан. Соңғы уақыттағы субұрқақтар музыка және жарықпен жұмыс істегендіктен, оның бәріне тоқ керек. Тұрғындарға қанша жерден суға түсуге болмайды деп ескерткенімізбен көп жағдайда сөзіміз тыңдаусыз қалып жатады», – деді «Эко-Алматы» ЖШС директоры Жанна Асанова.
Қалалық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Кінәлілер анықталса, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Аталмыш дерек ҚК-нің 306-бабы 2-бөлігі бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімшесімен тергелу үстінде. Барлық тергеу амалдары тиісті сараптамалық зерттеулер өткізілетін болады. Нәтижесінде іс бойынша процессуалды шешім қабылданатын болады», – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Айта кетейік, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев оқыс жағдайға байланысты өзінің твиттер парақшасында пікір білдірді. Жазбасында зардап шеккен жандардың сауығып кетуіне тілектес екенін білдіріп, істі соңына дейін тергелуді бақылауға алатынын айтқан.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы