Астанада 180-ге жуық отбасы аязда тоңып отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Осы ауданға газ жүргізуге тапсырыс берген - қалалық әкімдік
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада газ жүргізілген шағынаудан тұрғындары көгілдір отынның қызығын емес, қиындығын көріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сарыарқа ауданының 180-ге жуық отбасы сарышұнақ аязда бүрсең қағып тоңып отыр. Олардың айтуынша, газ құбырлары жиі қатып қалады. Салдарынан пеш істен шығып, үй лезде суып кетеді. Қақаған суықта авариялық қызмет мамандарын күніне бірнеше рет шақырады екен.

«Күніне минимум екі рет шақыртамыз.  Түнгі сағат 1:30 – 2:00-де тоңғаннан суықтан оянамыз. Осы уақытта тағы авариялық қызмет маманына хабарласып, келун өтінеміз. Үйде балалар бар, менің үш балам бар», – деді қала тұрғыны  Ақерке Болысбаева.  

Шақырған авариялық қызмет мамандары да лезде келе қоймайды. Тұрғындардың айтуынша, 12 сағат күткен кездері болыпты. Осы уақыт аралығында үйдегі жылу батареялары суып кетеді. Жүз мыңдап несиеге пеш алған олар пайдасы болмады деп қынжылады.

«Пенсияны алып, несие алып жасаттық. Айына 100 мың несие төлеймін. 130 мың пенсия аламын. 30 мыңға күн көріп отырмыз. Мынау не? «ҚазТрансГаз аймаққа» барсақ,   зәулім 20 этаждық ғимаратта отыр. Мамандары қайда? Келіп тексермей ме? «Жіңішке құбыр, жарамайды, өзгертеміз» деп неге айтайды?», – деді қала тұрғыны Қабдуалби Сексенбаев  

Ал «ҚазТрансГаз аймақ» мамандары бұл мәселенің жақын арада шешілмейтінін меңзегісі келді ме, тұрғындарға көмір пешін бұзбай тұруға кеңес берді. «Дәл қазіргі проблеманы өзге өңірден авариялық қызмет мамандарын алдыртып, күшейтілген режимде жұмыс істеп, шешіп жатырмыз» деп ақталды.

«Жазда осы аудандағы газ желілерінде авария болып, құбырларға су кіріп кеткен болатын. Соның салдары қазір осындай мәселе туындатып отыр. Біз құбырларды үрлеп, кептіріп жатырмыз. Кеше екі көшеде сондай жұмыстар жүргізілген болатын. Құбырларды кептіру ары қарай да жалғасады», – деді  «ҚазТрансГаз аймақ» АҚ қалалық өндірістік филиалының басшысы Нұрболат Мирғалиев.

Осы ауданға газ жүргізуге тапсырыс берген - қалалық әкімдік. Жергілікті билік өкілдері мұндай проблема газға алғаш қосылған жылдары болады деп халықты сабырға шақырды. Енді газ құбырларын жердің үстімен жүргізу мәселесін қарастырып жатырмыз дейді.  

«Аталған аудан бойынша газ желілеріне арнайы, қосымша су жинау қысымы төмен құбырлар орнататын болады. қазір жер астындағы құбырды жер бетіне көтеру үшін есеп жүргізіліп жатыр», – деді Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Мақсат Есмағұлов

Маманның айтуынша, қыс басталмай тұрып Астана қаласында ұзындығы 650 шақырым газ құбыры желдетіп, құрғатылыпты. Алайда жерді қазу жұмысын жүргізу кезінде құбыр жарылып, кей жерлеріне су кіріп кетуі мүмкін. Ал Сарыарқа ауданының 180-ге жуық тұрғынына әкімдік пен «ҚазТрансГаз аймақ»  мәселесі шешкенше, авариялық қызмет мамандарына жүгіне тұруға тура келеді.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров